Астанада «Қазақстан кинологтар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақы тазы» монотұқымдық көрмесі мен тұқымдық байқауы өтті. Іс-шара ұлттық тұқымның үздік өкілдерін анықтап, оларды халықаралық кинологиялық қауымдастыққа таныстыруды көздейді.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен тазы баптаушылар мен селекционерлер қатысты. Олардың арасында ұлттық тұқымды бірнеше буын бойы өсіріп келе жатқан тәжірибелі құсбегілермен қатар, тазы баптауға қызығушылық танытқан жастар да бар.
Іс-шара барысында арнайы сараптамалық бағалау жүргізіліп, қазіргі қазақы тазы тұқымының үздік өкілдері анықталды. Мамандар иттердің сыртқы тұрпатына, дене бітіміне және тұқым стандартының талаптарына сәйкестігіне баға берді.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша, бүгінде ұлттық ит тұқымын сақтау мен дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір мысалы – Жетісу облысында салынып жатқан арнайы орталық.
Өзінің ұлттық ит тұқымын дамыту үшін дәл Қазақстандағыдай арнайы орталық салып жатқан басқа мемлекетті байқамадым. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау өте жақсы, – деді Бауыржан Серікқали.
Көрменің елімізде ұйымдастырылуы қазақы тазын оның шыққан жерінде халықаралық мамандарға тікелей таныстыруға жол ашады. Сонымен қатар бұл Қазақстанның ұлттық тұқымды сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде мойындату бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.
Тазылардың шығу тегі ресми тіркеледі
Бағалау қорытындысы бойынша тазы иелеріне иттің шығу тегі туралы халықаралық үлгідегі куәлік беріледі. Бұл құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның ата-тегі жөніндегі нақты мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жүйелі есеп жүргізу қазақы тазылардың шынайы шежірелік базасын сақтауға және асылдандыру жұмысын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
79 жастағы тазы баптаушы жеңімпаз атанды
Көрмеде Қарағанды қаласынан келген 79 жастағы Рамазан Күзеевтің тоғыз айлық тазысы бірінші орын алды. Ақсақалдың айтуынша, ол алты жасынан бастап тазы баптап келеді. Әкесі мен нағашысы да өмір бойы тазы ұстаған.
Осы уақытқа дейін 50-60 шақты тазы асырадым. Қазір қолымда екі тазы бар. Бүгінгі көрмеге алып келген тазым тоғыз айлық, екіншісі үш айлық. Көрмеде иттің түр-тұлғасына қарап баға береді. Тазы көрікті әрі тұқымға тән қасиеттерге сай болуы керек. Бұған дейін Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейде өткен жарыстарға қатыстым. Қазір тазы көбейді, мемлекет те көңіл бөле бастады. Бұрын жалғыз өзім шапанымды сүйретіп, осы иттердің арасында жүретін едім, – деді Рамазан Күзеев.
Тазы баптауға жастар да қызыға бастаған
Көрмеде тазы жетектеген әпкелі-сіңілі қыздар да көпшіліктің назарын аударды. Астаналық Ая көрмеге әкесі және сіңілісімен бірге келген. Оның отбасы бірнеше жылдан бері тазы өсіріп келеді.
Тазы баптап жүргенімізге төрт-бес жыл болды. Ал көрмелерге екі-үш жылдан бері қатысып келеміз. Қазір қолымызда төрт-бес тазы бар. Алдымен әкем қызығушылық танытты, кейін біз де оған қосылып, бірге айналыса бастадық. Тазы – адамға жақын, өте таза әрі қасиетті тұқым. Сондықтан оны баптау өзімізге ұнайды, – деді Ая.
Ал Дидар Қайратов тазы баптаумен сегіз жылдан бері айналысады. Ол көрмеге екі тазы әкелген.
Бұрын әр қазақтың үйінде тазы болған. “Бір тазы бір ауылды асыраған” деген сөз бар. Сондықтан ұлттық тұқымды сақтап, әрі қарай дамытуымыз керек, – деді ол.
Қазақы тазы – Қазақстанның ұлттық ит тұқымы әрі тарихи-мәдени мұрасының маңызды бөлігі. Оның табиғи ерекшеліктерін сақтау, тұқым стандарттарын ұстану, шығу тегі туралы мәліметтерді нақты тіркеу және жауапты асылдандыру жұмыстарын жүргізу ұлттық тұқымның келешегі үшін айрықша мәнге ие.
Айта кетейік, монотұқымдық көрме әртүрлі ит тұқымдары қатысқан халықаралық көрме аясында ұйымдастырылды.