Жаңалықтар

Астанада «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі өтеді

Астанада «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі өтеді
Фото: fdk.kz 01.06.2023 16:16 1045

Қазақстанда дзюдодан әлемдік беделді жарыстардың бірі – «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі өтеді. Турнир елордада 16-18 маусым аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Қазақстан дзюдо федерациясына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енгізілген бұл жарысқа барлығы 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қатысушылардың қатарында Олимпиада ойындары, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.

Бұл әлемдік дода барлық дзюдошылар үшін 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуға жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар, «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі аяқталғаннан кейін елімізде дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу лагері тұрақты негізде өткізілетін болады.

Дзюдодан Қазақстан құрамасы IJF Grand Slam жарыстарында осы уақытқа дейін 7 алтын, 14 күміс және 36 қола медаль еншілеген. Қазір республика бойынша дзюдошылар саны 90 мыңға жетті. Бапкерлер саны – 1304 адам.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың ақпан айында Қазақстан дзюдо федерациясы елімізде Grand Slam әлемдік турнирін өткізу үшін Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) төрт жылдық келісімшартқа қол қойды.

Grand Slam (Үлкен дулыға) – халықаралық жарыс күнтізбесі бойынша IJF World Tour аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы. IJF ережелері бойынша жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000 ұпай, 2 орын үшін – 700 ұпай, 3 орын үшін – 500 ұпай есептеледі.

Өтетін күні мен уақыты: 16-18 маусым, Астана қ., «Барыс Арена» спорт кешені, кіру тегін

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға