Жаңалықтар

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 27.06.2023 20:15 914

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақ журналистикасының басып өткен тарихынан сыр шертетін көрмені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп ұйымдастырған. Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, республикалық телеарналар мен басылым басшылары, ардагер журналистер қатысты.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Алаш қайраткерлері жоқтан бар жасап негізін қалаған, сүрлеуін салған қасқа жолмен қаншама дәуірлер жүріп өтті. Бұл көрме – сол қиын да қилы, қуанышы мен қасіреті егіз тарихтан тіл қатады. Қазақ журналистикасының шежіресін парақтаған жан шелектеп төккен қара терге, ақыл-ойдың ұшан дариясына куә болады.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

«Қазақ баспасөз басылымдарының тарихы», «Қазақ радиосының даму жолдары» және «Қазақ телевизиясының 65 жылдығының жетістіктері» бөлімдерінен тұратын көрме ХIX ғасырдың екінші жартысынан бастап бүгінге дейінгі аралықты қамтыған.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Көрменің мақсаты: еліміздегі БАҚ-ның халықтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы рөлін көрсету, бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасу және даму тарихымен таныстыру.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы көрменің ашылуымен, журналистер қауымының төл мерекесімен құттықтады.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Біз тарихты білу арқылы оған тағзым етеміз, одан тағылым аламыз және болашағымызды түземіз. Сол сияқты баспасөздің өткені біздің болашағымызға жол сілтейді. Бүгін Мемлекет басшысы марапаттар табыстау сәтінде журналистер қызметіне үлкен баға берді. Қазіргі жаңа технологиялар алмасып жатқан тұста біздің де заманның талабына, уақыттың талғамына сай жұмыс істеу қажет екенімізді айтты. Бұрынғының «Алтыбақан», «Тамаша», «Айтыс» сияқты бағдарламалары бүгінде «Алтын қорда» сақталып, құнды жәдігерге айналды. Алаш қайраткерлерінен басталатын Қазақ баспасөзінің шежіресі де осы музейден көрініс табады. Телеарна, радио, газеттерде қолданылған түрлі дүниелерді жастар көріп, аға буынның еңбегі бүгінге лайықты  жетсе деген мақсатпен осындай музей жұмысын бастап отырмыз, - деді Дархан Қуандықұлы.

Сонымен қатар министр «Қазақ» газеті дүниеге келген 2 ақпанды «Қазақ ұлттық баспасөзінің күні» деп жарияланатынын сүйіншілеп жеткізді.

Көрмеге ХIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазіргі күнге дейінгі мерзімді қамтитын тарихи құжаттар мен газеттердің көшірмелері, қолжазбалар, кітаптар, түрлі техника (баспа машинкасы, диктофон, фотоаппарат, бейнекамера, көгілдір теледидар, радиқабылдағыш т.б.), фотосуреттер сияқты экспонаттар қойылған.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Сақа журналист, белгілі жазушы Әлібек Асқаров көрменің ашылуымен құттықтады.

Көрмені аралап шықтық. Ішіндегі бейне түсірілімдердің бәрі жүректі ауыртатын, кеудені шымырлататын көріністер екен. Бұл өмірде жоқ, кетіп қалған. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағын құрысқан азаматтар бізге бәрін аманат етіп тастап кетіпті. 28 маусымның қалай белгіленгені әлі күнге дейін көз алдымызда, - деген жазушы баспасөзден цензураның арылған күні төл мереке болып бекітілгені туралы сыр шертті.

Астанада қазақ журналистикасының тарихына арналған көрме ашылды

Осы көрме арқылы тарихымыздың тағы бір ақтаңдағы толығып отыр. Қазақ журналистикасының қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі кемел шағына дейін сыр шертетін көрменің есігі 16 шілдеге дейін ашық болады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға