Жаңалықтар

Астанада Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған көрме өтті

Астанада Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған көрме өтті
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 13.04.2024 22:35 449

Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Ғылым күніне арналған “Ғылым – ғажайып әлем” интерактивті жетістіктер көрмесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Биылғы көрме көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. 

Интерактивті көрмені елордалық STEM академиясының, Robototek мектебінің, DronEd, «Sana» жаңа буын орталығының, Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейдің кәсіптік бағдар беру орталығының қатысуымен, Білім басқармасының қолдауымен «Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы өткізді.

Орталықтың басшысы Жанар Бейсенбаеваның айтуынша, көрменің басты мақсаты – жастар арасында ғылымды насихаттау.

Біз бұл көрмені жыл сайын өткіземіз, оның қатысушылары мен қонақтары – мектеп оқушылары. Биыл ол академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында өткізілуде. Мұнда ұлы ғалымға арналған жылжымалы мұражай ашылып, онда Қаныш Имантайұлы ашқан кен орындарынан металдар мен минералдар – экспонаттар қойылған. Сондай-ақ №61 мектеп-лицейінің оқушылары Сәтбаевтың өмірбаяны бойынша театрландырылған қойылым көрсетті. Көрменің бағдарламасында көптеген қызықты нәрселер бар. Бұл жерде оншақты алаң жұмыс істейді. Бұл – робототехника, химия және жаңартылатын энергия көздері. Екі алаңға ерекше назар аударғым келеді. Біз зымыран құрастыру туралы шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Сондай-ақ кәсіптік бағдар беру бойынша алаң бар, онда арнайы нейрободоктың көмегімен сіз өзіңіздің дағдыларыңыз­ды бес минутта анықтап, болашақ мамандығыңызды біле аласыз, - деді Жанар Бейсенбаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға