Жаңалықтар

Астанада полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейді

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлім етті
Астанада полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейді
Фото: gov.kz 10.10.2022 19:53 1785

Елордада мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының қатысуымен ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге байланысты Астана полицейлері 10 қазаннан бастап қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті, деп хабарлайды El.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтіледі, бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырады. 

Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап «Учаске» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылады. 

Өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалысты уақытша ішінара шектей отырып, күзетілетін адамдарды сүйемелдеу жүргізілетін болады. 

Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды және ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға