Астанада пәтер бағасы төмендеді: қазір алу тиімді ме?

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Астанада тұрғын үй нарығы айтарлықтай бәсеңдеді. 2026 жылдың наурыз айында елордада шамамен 4900 сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл ақпанмен салыстырғанда 6%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз. Әдетте көктем – жылжымайтын мүлік нарығындағы ең белсенді кезеңдердің бірі саналатын. Дегенмен биыл нарықта мұндай қарқын сезілмейді.

Соған қарамастан, Астана мәміле саны бойынша елде көш бастап тұр, жалпы нарықтың шамамен 19%-ы елордаға тиесілі. Алайда бұл көрсеткіш нарықтың бәсеңдегенін көрсетеді.

Риелторлардың айтуынша, қазір пәтер көп, бірақ сатып алушылар аз. Бұған нақты мысал – бағаның төмендей бастауы. Бұрын шаршы метрі 700 мың теңге шамасында болған аудандарда қазір 500 мың теңгеден ұсыныстар пайда болды. Мұндай ұсыныстар көбейген сайын, жалпы нарықтағы баға да төмендей бастайды.

Нарықтың бәсеңдеуіне не әсер етті

Сарапшылар негізгі себептердің бірі ретінде салыққа байланысты өзгерістерді атады. Жаңа Салық кодексінің 476-бабына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталған тұрғын үй құрылыстары қосылған құн салығынан босатылған.

Бүгінде құрылыс компаниялары бағаны түсіруге асығар емес, ал сатып алушылар оның арзандауын күтіп отыр. Соның нәтижесінде пәтер алу-сату баяулап, нарықтағы белсенділік төмендеді.

Ең қолжетімді пәтерлер қайда

Қазіргі таңда ең арзан баспананы ескі вокзал маңынан табуға болады. Бұл аудан «Чугунка» деп аталады. Мұнда шамамен 45 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді 15 миллион теңгеге сатып алуға мүмкіндік бар. Инфрақұрылымы қалыптасқанымен, бірақ бұл ауданда пәтер бағасы қатты көтерілмейді.

Ал Қорғалжын тас жолының бас жағында дәл сондай пәтерлер 22-25 миллион теңге аралығында. Бұл аймақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр, сондықтан жалға беру тұрғысынан сұраныс жоғарырақ.

Хан Шатыр маңайы

Хан Шатыр маңындағы аудандарда қазір ас үйі мен қонақ бөлмесі біріктірілген пәтерлер 30-35 миллион теңге шамасында сатылып жатыр. Баға тұрақты болғанымен, сұраныс аса жоғары емес.

Бұл аудан қазір тыныш болғанымен, болашағы бар. GreenLine бульвары дамып жатыр, ол қаланың негізгі орталықтары Ақорда – Бәйтерек – Нұржол бульвары – Хан Шатырды байланыстырады. Инфрақұрылым жақсарған сайын бұл аймақ та орталыққа жақындай түседі.

Нұрлы жол және «Мыңжылдық» аллеясы

Нұрлы жол ауданында орналасқан «Мыңжылдық» аллеясы – болашақта қаланың маңызды қоғамдық кеңістіктерінің бірі болмақ. Қазір бұл жерде 45 шаршы метрлік пәтерлер 25-31 миллион теңге шамасында.

Бұл ауданның басты артықшылығы – алдағы уақытта іске қосылатын LRT жобасы. Көлік қатынасы жақсарған сайын, бұл аймақтың бағасы да өсуі мүмкін.

Ұлы Дала даңғылы

Ұлы Дала даңғылы – елордадағы ең ұзын көшелердің бірі. Оның орталық бөлігі толық қалыптасқан, ал шеткі аймақтары әлі де дамып жатыр.

Дәл осы шетте орналасқан екі бөлмелі пәтерлерді 21 миллион теңгеге табуға болады. Бұл – ресми түрде сол жағалау болғанымен, инфрақұрылымы әлсіз аумақ. Қазір мұнда өмір сүру қолайсыз болуы мүмкін, бірақ 5-7 жылдан кейін бұл жердің бағасы өседі.

Осы маңда жоспарланған Ellington Mall сауда орталығы да ауданның дамуына әсер етуі ықтимал.

Нарыққа не әсер етеді

Алдағы уақытта салықтық жеңілдіктер аяқталған соң, жаңа тұрғын үйлердің өзіндік құны артады. Бұл бастапқы нарықтағы бағаның өсуіне алып келуі мүмкін.

Сонымен қатар, LRT толық іске қосылса, сол жағалаудағы көлік мәселесі жеңілдеп, қазіргі таңда арзан бағамен сатылып жатқан пәтерлердің құны көтерілуі ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасының талаптары күшейтілгені жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз