Жаңалықтар

Астанада парадзюдодан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Астанада парадзюдодан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Астанада  Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында парадзюдодан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шараға еліміздің Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық зағиптар спорт федерациясының (IBSA) президенті Ильгар Рагимов, IBSA дзюдо комитетінің төрағасы Янош Тардош, сондай-ақ дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық спорт ұйымдары, ұлттық федерациялар мен серіктестер қатысты.

Министр жарыстың ресми ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, әлем біріншілігіне қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тіледі.

Қазақстанда паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып келеді және бұл қоғамда инклюзивті құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде пара дзюдо спортынан отандастарымыз халықаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Токиода өткен Паралимпиадада отандастарымыз үш күміс медаль иеленсе, Парижде бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Құрамамыздың сапында әлем және Азия чемпиондары бар. Астанада әлем чемпионатының өтуі – еліміздің халықаралық деңгейде спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатындығының айқын дәлелі. Бұл чемпионатта да спортшыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деді Ербол Мырзабосынов.

IBSA президенті Ильгар Рагимов та чемпионат қатысушыларына жылы лебізін білдіріп, Қазақстанға келу өзі үшін үлкен мәртебе екенін, елімізден әрдайым шынайы қонақжайлық пен дзюдоға деген адалдықты сезінетінін атап өтті.

Қазақстанмен алты жылдан астам уақыт бойы ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Алғашқы екі халықаралық турнир Атырауда өтсе, кейін Астанада Grand Prix кезеңі мен Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Осы тәжірибеден кейін біз Қазақстан әлем чемпионатын өткізуге толық дайын деген ортақ шешімге келдік. Чемпионатқа дайындық бір жыл бұрын басталды және бұл үдеріс Халықаралық дзюдо федерациясымен тығыз байланыста жүзеге асты, – деді IBSA президенті.

Айта кетейік, парадзюдодан әлем чемпионаты 13-15 мамыр күндері өтеді. Биыл додада 38 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Жарыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасына енсе, қалған төртеуі жаңадан қосылған салмақтар бойынша үлестіріледі. Бұл – 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие беделді жарыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға