Жаңалықтар

Астанада Олимпиадалар тарихы туралы жаңа оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді

Астанада Олимпиадалар тарихы туралы жаңа оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді
Фото: instagram.com/rinat_kertayev 15.07.2023 11:22 866

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа кітап Олимпиада Ойындарының тарихынан сыр шертіп, Тәуелсіз Қазақстанның жазғы және қысқы Олимпиада Ойындарындағы жетістіктері жайында, сонымен қатар, Олимп шыңын бағындырған әр спортшы мен жаттықтырушылар жөнінде кешенді мағлұматтарды қамтыған. Сол себептен бұл жинақты энциклопедиялық құрал ретінде пайдалануға болады. 

Жинақ авторлары ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы Тастанбек Есентаев, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық Олимпиада Комитетінің мүшесі Мария Булатова мен ҚР құрметті спорт қайраткері, доцент Бақытжан Есжанов сынды мамандар.

«Еліміз 1996 жылдан бері жеке-дара мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Әр Олимпиадада көк Туымыз желбіреп, спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан ойып орын алады. Жастарды тәрбиелеуде, дені сау өскелең ұрпақ қалыптастыруда Олимпиада ойындарының мәні мен маңызы жоғары. Ал енді сол Олимпиада ойындарының тұғырына ұмтылатын ұрпақты тәрбиелеу үшін біз оның тарихын да жете білуіміз керек. Осы тұрғыда бүгінгі тұсауы кесілген «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты жинағының алар орны ерекше», – деді тұсаукесер рәсімінде Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек. 

Сондай-ақ, іс-шарада бокстан қос бірдей Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмәділов, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен қоғам қайраткерлері және де спорт саңлақтары жаңа кітап туралы пікір білдірді. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға