Жаңалықтар

Астанада Nobel Fest 2023 басталды

Астанада Nobel Fest 2023 басталды
Фото: instagram.com/nobel_fest 05.10.2023 11:00 768

Астанада Nobel Fest 2023 басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

5-6 қазан аралығында Астанада өтетін, әлемнің түкпір-түкпірінен заманауи ғылымның көрнекті тұлғалары – Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылыми Оскар иегерлері, жоғары деңгейдегі ғалымдар, сонымен қатар стартаптар мен бизнесмендердің басын қосатын, қазақстандықтар асыға күткен ғылыми фестиваль – Nobel Fest болып жатыр.

Фестиваль бағдарламасы үш негізгі бағытта (үш кезең) өрбиді.

Бірінші трек – инновация. Мұнда соңғы технологиялық жетістіктер, жасанды интеллект, GPT сияқты өнертабыстар, нейрондық желілер туралы сұрақтар талқыланады. Жаңа индустриялар, роботтар және еңбек нарығының болашағы қалай өзгеретіні де айтылады.

Екінші трек – ғылым. Жақын арада ашылатын құпиялар туралы сұрақтарды және адамның миы мен санасын зерттеуді қамтиды. Сондай-ақ, кванттық компьютерлер, жерден тыс өмір мен өркениеттерге қатысты мәселелер талқыланады.

Үшінші трек – білім. Осы саладағы заманауи тәжірибелерді, сондай-ақ цифрлық дәуірде қандай дағдылар мен білімнің маңызды бола бастағанын ашады.  

Фестивальге «Nobel Peace Prize» сыйлығының лауреаты, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг, өмір туралы ғылым саласындағы Серпін сыйлығының 2022 жылғы иегері Паскаль Майер, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дәрия Қожамжарова, инновациядағы ТОП 3 ықпалды ғалымдардың бірі (Wired), «Технология адамдарға қарсы» бестселлерінің авторы Герд Леонгард, Future Hub-тағы SAP жетекшісі Мартин Везовски, «Қауіп-қатерді бағалау тобы» үкіметтік емес консалтинг ұйымының директоры Досым Сәтпаев, М.В. Ломоносов атындағы МҰУ профессоры, биология ғылымдарының докторы, адам миын зерттеудегі танымал сарапшылардың бірі, психофизиолог, МҰУ биология факультетіндегі нейрофизиология және нейроинтерфейстерді зерттейтін Ресейдегі бірінші лабороторияның меңгерушісі Александр Каплан, көрнекті нейробиолог, «Адам миы» жаһандық жобасының негізін қалаушы, University College London неврология институтының құрметті профессоры, Université de Lausanne-да клиникалық нейроғылымдар кафедрасының меңгерушісі Ричард Фраковяк, Аризона университеті жерді және ғарышты зерттеу бөлімінің негізін қалаушы профессоры және Origins жобасының құрметті директоры Лоуренс Краус, жоғары технологиялар саласындағы ең ықпалды қырық ғұламаның бірі (TIME Tech 40 бойынша) Вивек Вадхва, әлемдегі ең ықпалды автокөлік дизайнері, Mini Cooper, BMW X5, Ferrari F430, Maserati көліктерінің дизайн концепцияларын жасаушы, Frank Stephenson Design (FSD) негізін қалаушы Фрэнк Стивенсон, Minerva жобасының негізін қалаушы, төрағасы және бас директоры, Минерва университетінің құрметті ректоры Бен Нельсон, $11,5 млрд болатын Rippling – №1 персоналды басқару стартапының негізін қалаушы және бас техникалық директоры, инноватор Прасанна Санкар бар.

Nobel Fest кезінде танымал қазақстандық пианист Ratovich-тің қойылымы да ұйымдастырылады.

Nobel Fest — Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Фестивальдің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Шара биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықтың білімге, ғылымға және инновацияға қызығушылығын арттыру. Жыл сайын Nobel Fest 100 елден 500 мыңға жуық қатысушы мен 500 университетті біріктіре отырып, жарқын болашақты қалыптастырудағы жан-жақты білімнің маңызын айшықтайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға