Жаңалықтар

Астанада Наурыз мерекесіне орай қандай шаралар өтеді?

Астанада Наурыз мерекесіне орай қандай шаралар өтеді?
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 14.03.2024 09:58 478

Астана әкімдігі Наурыз мерекесі аясында қала тұрғындары мен елорда қонақтарына арнап 200-ге жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырады, деп хабарлайды EL.kz aқпарат агенттігі.

Наурыздың 10 күн мерекеленуіне орай Астанада келесі іс-шаралар өтеді:

«ЕХРО» халықаралық көрме орталығында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен «Көшпелі өркениет» фестивалі өтеді. Қазіргі уақытта белсенді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мерекелеу тұжырымдамасы әзірленіп, сахналық алаңдар дайындалып жатыр.

14 наурыз сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Тал бесіктен – Жер бесікке» атты театрландырылған қойылым ұсынады. Іс-шара «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында өтеді. Бұл іс-шара – қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына негізделген хор қойылымы. Билеттерді Astanaopera.kz сайтынан алуға болады.

15 наурыз сағат 19:00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Наурыз айы туғанда» мерекелік театрландырылған концерт өтеді. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ел ішінде кеңінен таратып, дәріптеу  мақсатымен өтетін мерекелік бағдарламада – бесік жырынан бастап  салт-дәстүр әндері, халықтық және Қазақстан композиторларының ұлттық нақыштағы әндері, ұлттық билері орындалады.

 17 наурыз Бәйтерек монументінде ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді.

19 наурыз сағат 16:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Наурыз ұлттық сыйлығының» марапаттау рәсімі өтеді. Ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға арналған «Наурыз ұлттық сыйлығы» биыл «Үздік ұлттық этно киім дизайнері», «Үздік ұлттық би ансамблі», «Үздік ұлттық тағам өндіруші», «Үздік этно фольклорлық ұжым», «Үздік тоғызқұмалақшы», «Үздік құсбегі», «Үздік ит баптаушы», «Үздік атбегі» және «Үздік ат спорты шебері» сынды тоғыз номинация бойынша жеңімпаздарға табысталады.

20 наурыз ұлттық спорт түрлерінен жарыс (аударыспақ, тенге ілу, қыз қуу, көкпар, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ) өтеді.

21-22 наурыз 11:00-ден 16:00-ге дейін елордамыздың Орталық алаңында, «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда, Елордалық саябақ пен EXPO алаңының аумақтарында Қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған негізгі мерекелік концерттер өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың 5 ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді.

21-22 наурыз күндері сағат 12:00-ден  бастап аудан әкімдіктерімен бірлесіп Алматы ауданының 12 тұрғын үй алабында және Байқоңыр ауданының 8 тұрғын үй алабында, Сарыарқа ауданының 4 алаңында, Есіл ауданының 4 алаңында, сонымен қатар, Нұра ауданының 4 алаңында мерекелік шаралар өтеді.

21-24 және 29-31 наурыз аралығында Қуыршақ театрында «Наурыз-Думан» қуыршақтар шоуы өтеді. Билеттерді тикетон сайтынан алуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға