Астанада «Музей түні-2025» мәдени-танымдық акциясы өтіп жатыр

Елордада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні – 2025» мәдени-танымдық акциясы өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мәдени кеш түнгі 00:00-ге дейін жалғасады.
Суреттер: Артем Чурсинов
Іс-шараның негізгі мақсаты – музей кеңістігінде халқымыздың тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау, сондай-ақ әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын жұртшылыққа қолжетімді ету.
Бағдарлама аясында келушілер үшін мазмұнды да көпқырлы шаралар ұсынылған. Атап айтқанда, танымдық экскурсиялар, креативті шеберлік сабақтары, ғылыми дәрістер, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, интерактивті ойындар мен квесттер ұйымдастырылған.
Суреттер: Артем Чурсинов
Ұлттық музейдің тұрақты жобалары – «Балдырған гид», «Күміс жас» және «Мирас» үйірмесі аясында түрлі жас топтарына арналған экскурсиялар өткізіліп жатыр. «Жәдігерлер сөйлейді» театрландырылған экскурсиясында Алтын адам мен ежелгі ханшайымдардың бейнелері арқылы көрермендер тарихи кеңістікке сапар шегеді.
Кештің ерекше жобаларының бірі – этникалық музыканы заманауи форматпен ұштастырған «Дала әуендері» этно-DJ-сеті мен танымал тележүргізушілер қатысатын «Жұлдызды гид» жобасы.
«Жұлдызды гид» жобасының қатысушысы, журналист Ерқанат Көпжасар өзінің музейге келгендегі таңданысын жасыра алмады.
Сурет: Артем Чурсинов
Бүгін мені азаматтардың «Музей түніне», өнерге, тарихқа, мәдениетке қызығушылық танытқаны өте қатты қуантты. Бұл жерге қанша адам келгенін білмеймін, бірақ олардың саны мұнша көп болады деп ойлаған жоқпын. Кез келген адам руханиятты, жалғызсыраған кезде мәдениетті, тазалықты іздейді. Өзінің көне тарихын, кешегісін тануға келіп жатқан азаматтар біздің болашағымыздың жарқын көрінісі деп білемін, – деді ол.
Ерқанат Көпжасар «Жұлдызды гид» жобасына шақырту алғанда бірден келіскен. Бүгін ол «Көне түркі өркениеті залында» экскурсия жүргізуде.
Суреттер: Артем Чурсинов
Өзім түркі тарихын жақсы көремін. Біз барлығымыз түркілерміз. Сондықтан бұл мәдени шараны қуана-қуана қолдап келдім. Түркілер туралы бәрін 5 саусағымдай жақсы білемін. Әкем Орхон-Енисей жазбаларын өз бетімен оқып үйренген адам. Сол себепті де бұл тақырып маған өте жақын, – дейді журналист.
Тележүргізуші Мөлдір Доспаева да «Жұлдызды гид» жобасына шақырту алғанда қуанғанын айтады.
Сурет: Артем Чурсинов
Жобаның қатысушысы тізіміне Дана Нұржігіт, Ерқанат Көпжасар, Азамат Әбілқайыр, Ирина Тен, Зейін Әліпбектермен қатар мені де қосқанына қуаныштымын. Бірден келісімімді бердім. Бүгінгі күнімді арнайы музейге келу үшін босаттым. Халықты «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залымен» таныстырдым. Музейге жиналған азаматтардың қатары көп. Бұл да қуанарлық жағдай, – деп атап өтті Мөлдір Доспаева.
Суреттер: Артем Чурсинов
Сонымен қатар «Ұлы дала. Тарих. Гравюра» және «Асыл мұра» көрмелері ашылып, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы кеңінен таныстырылуда. «Жан біткен жәдігерлер» квест-сабағы мен «Музейдегі түн» квест-ойыны экспонаттармен өзара әрекеттесу арқылы келушілерге тарихи жұмбақтарды шешуге және мәдени мұраны жаңаша қырынан тануға жол ашады.
Келушілер сондай-ақ дәстүрлі қолөнер бұйымдарын дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, керамика, кілем, киіз, зергерлік бұйымдармен танысу мүмкіндігіне ие. «Өнерге қол жеткізу» атты бейнелеу өнеріне арналған шеберлік сағаты да ұсынылуда.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Мата және кілем киіздерді консервациялау және қалпына келтіру секторының жетекшісі Гүлназ Еңсебаева «Музей түні» секілді іс-шараны өткізу еліміз үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Суреттер: Артем Чурсинов
Жыл сайын музейге келушілер саны артуда. Осындай іс-шара арқылы халық рухани байып, тарихи, мәдени білімін арттырады деп ойлаймын. Бүгін біз балаларға фетрдан әртүрлі ойыншық жасауды үйрететін шеберлік сағатын өткізіп жатырмыз. Олар өздерінің қалаған ойыншықтарын жасап, әкетіп жатыр, – деді Гүлназ Еңсебаева.
Ал Шабыт университеті Монументалды кескіндеме факультеті Суретші мамандығының 1-курс студенті Назым Сүлейманова музейге арнайы сурет салу үшін келген.
Суреттер: Артем Чурсинов
Музейдегі суреттердің ішінде ең ұнағаны – Әубәкір Ысмайыловтың «Биік таулары». Суреттің әрбір кескінін үлкен шабытпен, махаббатпен салғаны көрініп тұр. Дәл қазір соны қайталап салып отырмын, – деді ол.
Суреттер: Артем Чурсинов
Кештің мәдени бағдарламасы симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрінің, би ансамбльдері мен цирк әртістерінің қатысуымен өтетін концертпен жалғасады. Концертте Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының «Гүлдер» ансамблі және басқалар өнер көрсетеді.
Айта кетейік, «Музей түні» акциясы – Ұлттық музейдің дәстүрлі шарасы. Алғашқы рет 2015 жылы ұйымдастырылған бұл жоба жыл өткен сайын көпшіліктің қызығушылығына ие болып келеді. Мәселен, 2023 жылы акцияға 48 мыңнан астам адам қатысса, 2024 жылы 30 мыңнан астам келуші тіркелген.
