Астанада мерекеге орай әуежайда шетелдік қонақтар үшін акция ұйымдастырылды

Астанада мерекеге орай әуежайда шетелдік қонақтар үшін акция ұйымдастырылды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері елорданың халықаралық әуежайында мерекелік акция өткізді, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Астанаға келген шетелдік қонақтарға еріктілер Қазақстанның туы мен шоколад таратты.
Акцияның мақсаты – қонаққа Қазақстанды таныстырып, ұлттық мереке қарсаңында оларға мерекелік көңіл күй сыйлау.

Республика күні – тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және Отанға деген мақтанышымыздың символы. Бұл мерекенің қуанышын Қазақстанға келген қонақтармен бөлісу біз үшін ерекше бақыт, - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктісі Мадина.

Акцияға қатысқандардың бірі – Иорданиядан келген Wrestling for Peace ұйымының президенті Дэн Рассел. Ол Астанаға күрестен әлем чемпионатына қатысу үшін келген. Сондай-ақ Қазақстанда бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде де келгенін айтты.

Бұл – ерекше мәдениеті мен қонақжай халқы бар керемет мекен. Мұнда өмір мен спортты шын жүрегімен жақсы көретін адамдар тұрады, - деп әсерімен бөлісті Рассел.

Ол бұған дейінгі сапарында күрестің әртүрлі түрлерін тамашалау ерекше әсер қалдырғанын айтты. Сол сияқты әлемнің үздік балуандары чемпиондық атақ үшін бақ сынайтын Астанаға қайта оралғанына қуанышты екенін жеткізді.

Сөз соңында Рассел қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елімізге бақыт тіледі.

Оқи отырыңыз