Астанада Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді

19-21 мамыр күндері Астанада Мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шара жыл сайынғы 21 мамырда белгіленген өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылуда. Бұл күні мәдениет пен өнер саласының дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегі мадақталады. Қазіргі таңда салада 70 мыңнан астам адам қызмет етеді.
Форумға театр, музей, кітапхана, архив және мәдени-демалыс ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым мен креативті индустрия өкілдері қатысады.
Қатысушылар арналған секциялық отырыстар, семинарлар, тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Олар артефактілерді сақтау мен қалпына келтіру мәселелерін, костюмдер мен бутафория жасаудың жаңа технологияларын, сондай-ақ кітапханаларды цифрландырудың заманауи стратегияларын талқылайды.
Сондай-ақ форум аясында «Рухани қазына – 2025» атты мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалі өтеді. Байқау үш бағыт бойынша өтеді. Атап айтсақ, музей ісі, кітапхана ісі және мәдени-демалыс ұйымдарының жұмысы бағаланады.
