«City Transportation Systems» компаниясы елордадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінде жұмыс істеуге ниетті мамандарға іріктеуді бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Компания төмендегі мамандықтар бойынша үміткерлерді қабылдайды:
- станциялардың ауысым жетекшілері;
- станция кезекшілері;
- қозғалыс және орталықтандыру диспетчерлері;
- LRT инфрақұрылымы мен жабдықтарын басқару орталығының диспетчерлері;
- дабыл және байланыс техниктері;
- электр монтерлері;
- жол жөндеу учаскесінің шеберлері;
- жабдықтарды жөндеу бойынша слесарьлар;
- қойма меңгерушілері.
Болашақ қызметкерлер оқу курстарынан өтеді. Дайындық кезеңі жұмыс беруші есебінен ұйымдастырылып, теориялық және тәжірибелік сабақтар Қазақстан мен Қытайда жүргізіледі. Оқу ұзақтығы мамандық түріне қарай 4 айдан 6 айға дейін созылады. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификат алып, LRT құрылымдарына жұмысқа орналастырылады.
Үміткерлерге қойылатын талаптар:
- көлік, электр техникасы, машина жасау немесе соған ұқсас бағыттар бойынша жоғары не арнаулы орта білім;
- кем дегенде екі жылдық еңбек өтілі.
Барлық біліктілік талаптары мен түйіндеме қабылдау тәртібі cts.gov.kz сайтында көрсетілген.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Астанадағы жеңіл рельсті желіні Қосшы бағытына дейін ұзарту жоспарлануда.