Жаңалықтар

Астанада көмірді онлайн сатып алуға болады

Мобильдік қосымшада 16 сауда нүктесі мен көмірдің 5 түрі көрсетілген
Астанада көмірді онлайн сатып алуға болады
Фото: gov.kz 14.11.2022 15:13 1886

Ауа райы күрт суытқан сайын көмірге деген сұраныстың да артатыны белгілі. Тұрғындар үшін қатты отынның сапасымен қатар бағасы да маңызды. Енді елордалықтар қай нүктеде қандай көмірдің барын, оның бағасының қандай екенін үйінен шықпай-ақ біле алады.

Елорда тұрғындары үшін Smart Astana деп аталатын арнайы қосымша жүйе іске қосылды. Тұрғындар қосымшаны Play Market пен App Store платформасынан https://onelink.to/nkzfxa смартфонына жүктей алады.

Ол арқылы көмірдің бар-жоғын, сату орталығының мекенжайын, бағасы мен сапасы туралы ашық ақпаратқа қол жеткізе алады.  

Мобильдік қосымшада 16 сауда нүктесі мен көмірдің 5 түрі көрсетілген. Smart Astana арқылы баға мониторингі онлайн форматта жүргізіліп, көмірдің жеткізу уақытын білуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ көмірдің түрі мен бағасын сұрыптап, тұрғындар өздері таңдайды.

Сатып алушыға ыңғайлы болу үшін қосымшада қызмет көрсетушінің байланыс телефоны жазылған. Егер сату орнында көмір болмаса немесе оның бағасы тым қымбат болса және қызмет көрсету сапасы көңілден шықпаған жағдайда, Smart Astana мобильді қосымшасында пікір қалдыруға немесе шағым жазуға мүмкіндігі бар.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Астанада 11 қойма және 14 көмір сату нүктесі бар. Олар тиісті инфрақұрылыммен және тиеу-түсіру техникасымен толық жабдықталған. Бұл жерлерде 8 компания-реализаторлар өз қызметін жүзеге асырады. Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу кезеңінде көмір сатушылардан 463 мың тоннадан астам көмір мөлшерінде өтінімдер рәсімделген. Отын қоры тұрақты негізде толықтырылып отырады.

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында тамыз айында барлық компаниялармен көмір құнын бекіту туралы тиісті меморандум жасалды.

Бүгінгі таңда көмірдің орташа бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып тұр. Мәселен, Шұбаркөл көмірінің тоннасы –13 800 теңге, Қаражыра – 14 500 теңге және Майкөбе – 12 700 теңгеден саудалануда.

Смарт Астана қосымшасында жаңалықтар лентасын көруге, шұғыл қызметтен хабарлама алуға, судың көрсеткішін беруге, автобустың қозғалысын бақылауға, оқу және спорт мекемелері, ұйымдар бойынша анықтамалық ақпарат алуға, сондай-ақ басқа да сервистер арқылы төлем жасауға болады. Барлық қызметтер пайдаланудың қарапайымдылығы үшін бірыңғай интерфейске біріктірілген. 9 бағыт бойынша 60-тан астам сервис іске асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру, қалалық қызметтер мен сервистің сапасын көтеру және ыңғайлы болуын қамтамасыз ету.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға