Жаңалықтар

Астанада көкпар мен кок бору қауымдастықтары өзара келісім туралы меморандумға қол қойды

Астанада көкпар мен кок бору қауымдастықтары өзара келісім туралы меморандумға қол қойды
Фото: Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы 09.09.2024 23:45 362

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында спорт форумы өтіп, Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Халықаралық Кок бору қауымдастығы өзара меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, Көшпенділер ойынында қазақтың көкпар ойынынан да, қырғыздың кок бору ойынынан да жарыс өтуде. Қос жарыстың да басты фавориттері – Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары.

Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы президентінің міндетін атқарушы Әлібек Мұқатаевтың айтуынша, қос елдің шабандоздары Көшпенділер ойынының көркін қыздырары сөзсіз. Жарыс әділ өтуі, әрі палуандар қарсыласқа құрметпен қарауы үшін аталған меморандумның маңызы зор.

«Бәріміз бір мүдде жолында еңбек етіп жатырмыз, еңбегіміз жемісті болсын. Еліміз соңғы жылдары құқықтық-демократиялық даму бағытында батыл қадамдар жасады. Одан бөлек, елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрлеріне Қазақстанда он мыңдаған адам қатысады. Олар сол арқылы рухани тұрғыда да, физикалық тұрғыда да шыңдала түседі. Президентіміз бұқаралық және ұлттық спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда, Көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен абырой. Сондықтан бұл ойындарды барынша сәтті өткізуге тырысамыз», - деді ол.

Айта кетейік, айтулы шараға Дүниежүзілік атпен күрес федерациясының, Халықаралық теңге ілу федерациясының өкілдері, ұлттық ат спорты федерациялары мен ойындарға қатысушы елдер қауымдастығының басшылары, спортшы-шабандоздар, сонымен қатар бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қатысты. Іс-шараға Якутия спорт министрі Леонид Спиридонов та арнайы келіпті.

Астанада көкпар мен кок бору қауымдастықтары өзара келісім туралы меморандумға қол қойды

Жиын соңында Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Халықаралық Кок бору қауымдастығы өзара бірлесіп жұмыс істеу үшін ұзақ мерзімді меморандумға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға