Жаңалықтар

Астанада каллиграф Мәдина Құсайынның көрмесі өтеді

Астанада каллиграф Мәдина Құсайынның көрмесі өтеді
Фото: © Shutterstock.com 19.06.2023 16:25 779

Астанада Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпаратық агенттігі.

Құснихат - дамыған Ислам мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі. Мәселен, Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұстафа Раким, Махмут Джелаледдин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди секілді түрік халқынан шыққан және кейіннен бір-бір мектепке айналған әйгілі құснихатшылар болған. 

«Құран Меккеде түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстанбұлда жазылды» деген тұжырымдамаға сәйкес, Ыстамбұлдың Осман империясы кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен көркем жазу шеберлерінің басын тоғыстырған қала болғанын айта кеткен жөн.

VI-X ғасырларда пайда болған құснихат – қаламмен жазылады. Қаламы қамыстан, тақтайдан, бамбуктан жасалады. Сиясы да оңайлықпен өшпейді. Бір қызығы,  қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Бұл өнер қазақ жеріне де жат емес. Десек те, қиын-қыстау замандарда көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бекзат өнер түрі саналатын құснихат Қазақстанда қайта дамып келеді.

«Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмеде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш каллиграф Мәдина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» көркем жазбасы сияқты 30 шақты өнер туындысы халық назарына ұсынылады. Көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Елшілігі, ҚР Парламент және Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері мен зиялы қауым қатысады. Көрме Хан шатыр ОСО-да 22 маусым сағат 15.00-те ашылып, 29 маусымға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға