Жаңалықтар

Астанада интерактивті хоккейден турнир өтті

Астанада интерактивті хоккейден турнир өтті
Фото: Ұлттық Олимпиадалық комитеті 23.06.2024 07:30 378

Астанада Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу аясында интерактивті хоккейден турнир өтті, деп хабарлайды Olympic.kz-ке El.kz ақпарат агенттігі

Жарысқа елордалық төрт команда қатысты. Олар: Астана-1, Астана-2, "Номад" және "Бригантина".

Жарысқа 12 жасқа дейінгі жас спортшылар қатысты. 

Екі кезеңнен тұратын турнирдің біріншісінде қатысушылар ойын приставкалары арқылы хоккей матчын өткізді. Командалардың жиған ұпайы жарыстың екінші кезеңінде де есепке алынды.  

Кибер-кезең аяқталған соң командалар кросс-айс форматында шайбалы хоккей ойнады. Бұл ойын моделі балалар қажетті тәжірибе жинау үшін көлемі кіші алаңқайларда өткізіледі. 

Командалар кросс-айстағы өнері үшін де ұпай жинады. Кешенді жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері екі айналым бойынша жиған ұпай санымен анықталды. 

Турнир  нәтижесінде «Номад» командасы топ жарды. Екінші орынды «Астана-2», үшінші орынды «Астана-1» иеленсе, «Бригантина» төрттікті түйіндеді. 

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербей қатысты.  

Бұл жарыс форматы турнир кезеңдерінің  бірі киберспортқа арналғанымен қызықты. Аталған бағыт бүгінде үлкен басымдыққа ие. Қазіргі таңда киберспорттық жарыстарды Олимпиада бағдарламасына енгізу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Интерактивті хоккейге инклюзивті балалар да қатыса алады. Олар  команданың киберспорттағы нәтижелерін еселесе, олардың командаластары мұз айдынында ұпай жинайды, - деді Нұрлан Нөгербей. 

Айта кетелік, интерактивті хоккей жарысы Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу аясында өткізген ҰОК-тің кезекті іс-шарасы. Бұған дейін су добынан турнир аяқталды. 

23 маусым күні Астанадағы Орталық саябақта ашық бассейнде жүзуден Iswim арнайы жарысы өтеді. Одан бөлек  Триатлн саябағында триатлоннан және 3х3 баскетболдан жарыс ұйымдастырылады. Сондай-ақ іс-шараны көруге келген қонақтарға арнап көркем гимнастика, брейкинг, таеквондо және бокстан қойылымдық нөмірлер көрсетіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға