Жаңалықтар

Астанада халықаралық азаматтық авиация ұйымының отырысы өтті

Астанада халықаралық азаматтық авиация ұйымының отырысы өтті
Фото: «Казаэронавигация» баспасөз қызметі 08.04.2024 18:30 321

Астанада аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы стандарттар мен ұсынылатын тәжірибелерді енгізуге жәрдемдесу бойынша халықаралық азаматтық авиация ұйымы ИКАО сарапшылық тобының 7-ші отырысы өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев өз сөзінде әуе тасымалы бойынша әсерлі транзиттік әлеуеті бар ел үшін, серіктес елдер үшін тартымды болу маңызды екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, ең қысқа әуе жолдар Қазақстанды Азия мен Еуропаны байланыстыратын буынға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында әуе қозғалысын басқару, аэронавигациялық ақпаратты басқару, метеорологиялық, радиотехникалық, іздестіру-құтқару ұшуларын қамтамасыз ету және т.б. қамтитын аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы айтарлықтай жедел жетілдірулерді талдау және тәжірибе алмасу өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының аэронавигациялық жүйесінің ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 95 пайызды құрайды. Сондай-ақ біздің алдымызда әуе кеңістігін тиімді пайдалану, әуе қозғалысын басқару, киберқауіпсіздік және аэронавигациялық қызмет көрсету саласында жаңа технологияларды пайдалану мәселелері тұр, - деп атап өтті «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Нұржан Ахметов.

Іс-шараға 10 елден 50-ден астам сарапшы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің, ICAO халықаралық азаматтық авиация ұйымының, IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығының, Eurocontrol, халықаралық әуе көлігі қауымдастығының, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК, Астана, Алматы халықаралық әуежайларының өкілдері және «Эйр Астана», Казавиаспас авиакомпаниялары қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға