Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Есіл өзенінің жағалауында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Іс-шараны Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудан әкімдігі мамандарымен бірлесіп өткізді. Рейд барысында полиция қоғамдық орындарды, көшелерді, аулаларды және тұрғындар көп жиналатын демалыс аймақтарын патрульдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асхат Жұмағалиевтің айтуынша, рейд кезінде тұрғындар мен қала қонақтарына санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындарды ластамау және қала тазалығына жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әсіресе қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге тастау, қоғамдық аумақтарды ластау, темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін пайдалану және абаттандыру қағидаларын бұзу деректеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратты.
Айта кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау, қала тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай профилактикалық рейдтер елорданың барлық алты ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға бағытталған.