
Астанада ерекше мысықтың төрт метрлік мүсіні орнатылды
Астанадағы Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні орнатылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Арт-нысан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала күнін мерекелеуге арналған «Мерекелік саябақ» отбасылық фестивалінде жасалды.
Фестивальдің басты алаңдарының бірі – үлкен мысық бейнесіндегі ерекше экологиялық арт-нысан орналастырылған арт-кеңістік болды. Инсталляция биіктігі – 4 метр, ені – 2,5 метр. Жоба идеясы эколог Мариям Қасымова жетекшілік ететін елордалық суретшілер мен экобелсенділер тобына тиесілі.
Бұл жай ғана көрме емес, бұл – кез келген адам өзгеріске үлес қоса алатын орнықты қаланың үлгісі. Көрме мен экобастама экология мен өнердің үйлесімді байланысын көрсетіп, тұрғындардың кеңістікті түрлендіруге деген ынтасын арттырды. Қонақтар шеберлік сабақтарына белсенді қатысып, қоқыс сұрыптауға қызығушылық танытты. Жалпы, қазақстандықтар экологияға бей-жай қарамайтынын көрсетті, – деді Мариям Қасымова.
Айта кетейік, 6 шілде – Қазақстанда Астана күні. Бұл мерекеге орай елордада жүзден астам түрлі іс-шара өткізілді. Биыл да қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер, қойылымдар, акциялар, көрмелер, спорттық жарыстар мен көптеген қызықты шаралар күтіп тұрды.