Астанада екінші әуежай құрылысы қашан басталатыны белгілі болды

Астанада екінші әуежай құрылысы қашан басталатыны белгілі болды
Фото: AI көмегімен жасалды

Астанада екінші әуежай құрылысы 2027 жылдың маусым айында басталады. Жобаны жүзеге асыруға әлемдік деңгейдегі ірі компания тартылады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Жаңа әуежай құрылысы мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына енгізілген.

Министрдің айтуынша, елімізде көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Катонқарағай және Кендірлідегі жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2027 жылдың маусым айында әлемдік деңгейдегі ірі компанияны тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін Бақты – Аягөз теміржол желісін пайдалануға беру көзделген. Бұл жобалар Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болады, – деді Серік Жұманғарин.

Жалпыұлттық жоспар аясында «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бекітіледі. Сондай-ақ 2027 жыл Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланады.

Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

Көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде Арал – Каспий және Көкшетау – Петропавл бағыттарындағы автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ барлық автомобиль өткізу пункттерін толық жаңғырту, жүк тасымалын электронды құжат айналымына көшіру және интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған.

Айта кетейік, 29 қазанда премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика саласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Ол мемлекет басшысының Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдыру жөніндегі міндетін еске салды.

Оқи отырыңыз