Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар өтті.
Тазалықтың символы Тазабек Астанадағы балабақшалардың біріне барып, экологиялық іс-шара аясында тәрбиеленушілермен бірге танымал селфи-трендке қатысты. Түсірілім барысында Тазабек балалардың қасына кадрға күтпеген жерден шығып отырған. Ерекше формат бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын оятып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара бағдарламасына тәрбиеленушілердің ата-аналары ұйымдастырған «Бақша өнімдері» табиғи өнімдерінің қайырымдылық жәрмеңкесі мен қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың «Қалдықтан құндылыққа» көрмесі де енді.
Іс-шара ерекше көңіл күйде өтті. Ойын түрінде балаларға тазалық сақтаудың, табиғатқа ұқыпты қараудың, қалдықтарға жауапкершілікпен қараудың және жануарларға қамқорлық жасаудың маңызы түсіндірілді.
Астанадағы Ұстаздар саябағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында экологиялық іс-шара ұйымдастырылды7 Экологиялық жиынға қатысқан «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары саябақ аумағын қоқыстан тазартып, арамшөптерді жұлды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын дамыту және қала тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.
Бүгінгі сенбілікке «Жасыл ел» еңбек жасағының 70-ке жуық белсендісі қатысып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында өткізілуде. Ұстаздар саябағы – аудан тұрғындары жиі келетін қоғамдық демалыс орындарының бірі. Сондықтан мұндай аумақтардың тазалығы тұрғындардың жайлылығы мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Біздің мақсатымыз – саябақты абаттандырумен қатар, жастардың бойында еңбекқорлықты, табиғатқа жанашырлықты және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру, - деді ол.
Іс-шараға қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM School мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, «Жасыл ел» еңбек жасағының белсендісі Диана Ермағанбет табиғатты қорғау әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Мен «Жасыл ел» жасағында былтыр да еңбек еттім. Табиғатқа және туған қалама пайда тигізгенді ұнатамын. Мұнда жаңа достар тауып, жақсы ұжыммен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Табиғатты таза ұстау – қоқыс тастамаудан басталады. Табиғат та біз сияқты. Көшелердің ластануы оған да зиянын тигізеді. Күн сайын қаланы тазалайтын қызметкерлердің еңбегін бағалап, сейілге шыққанда немесе көшеде жүргенде қоқыс қалдырмауға, айналаны бүлдірмеуге шақырамын, – деді ол.
«Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы аясында елордадағы «Жастар» саябағында Taza Qazaqstan экология күні өтті. Оған түрлі буын өкілдері, белсенділер, мәслихат депутаттары, экологтер және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау, саябақтың санитариялық жағдайын жақсарту және тұрғындарды, әсіресе жастарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға белсенді тарту. Акция барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, жасыл аймақтарды ретке келтіріп, экологиялық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Эко-күнді өткізу үшін «Жастар» саябағын таңдаудың да себебі жоқ емес. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары күн сайын демалатын ең танымал қоғамдық орындардың бірі. Келушілер санының көп болуына байланысты мұндай аумақтар тұрақты күтім мен тазалықты сақтауды қажет етеді. Акцияның дәл осы жерде ұйымдастырылуының сыры – саябақтың қазіргі жағдайын жақсартып қана қоймай, көпшілік демалатын орындарда тазалықты сақтаудың маңыздылығына жұрт назарын аудару.
Туған қалаға жанашырлық таныту – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. «Таза Қазақстан» акциясы белсенді жандардың басын қосады, – деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушылар.
Іс-шараға «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздарының қатысуы ерекше көрік берді. Олар үшін бұл жай ғана жазғы жұмыс емес, туған өлкені абаттандыруға өз үлесін қосудың нақты мүмкіндігі.
Жастар көгалдарды қоқыстан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіріп, ұйымшылдықтарын көрсетті. Оларға мәслихат депутаттары мен кәсіби экологтер де белсенді түрде қосылды. Олар мұндай бастамалардың экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, бұл акция қоршаған ортаға қамқорлық жасауды тұрақты дағдыға айналдыруға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыруға және осындай іс-шараларға қатысуды қала тұрғындарының игі дәстүріне айналдыруға мүмкіндік береді.
«Жастар» саябағындағы Taza Qazaqstan экология күні атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялаумен аяқталды: жиналған қоқыс жедел түрде шығарылып, саябақтың көгалды тұстары қайтадан таза әрі күтімді күйге келтірілді. Қатысушылар туған қаланың тазалығы әр адамның өзінен басталатынын атап өтті.
Астана қаласының №58 «Өркен» балабақшасында «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» және «Қамқор» республикалық жобалары аясында «Таза Қазақстан – мейірімді жүрек» атты тәрбиелік-экологиялық іс-шара өтті.
Мерекелік бағдарлама көңілді спорттық эстафеталармен, қызықты ойындармен және жігерлі флешмоб биімен жалғасын тауып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара аясында «Бақша өнімдері» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары өз қолдарымен әзірлеген табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңкеден түскен қаражаттың барлығы жануарларға арналған паналау үйіне көмек ретінде аударылды. Ал «Қалдықтан құндылыққа» атты шығармашылық көрмеде қайта өңдеуге болатын материалдардан жасалған түрлі қолөнер бұйымдары қойылып, балалар мен ата-аналардың ерекше қиялы мен шығармашылық қабілеттері көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, «Жас бағбандар» белсенділігі барысында бүлдіршіндер балабақша ауласында өсірілген көкөністерге күтім жасап, олардың пайдасы, еңбекке баулудың және табиғатты аялаудың маңызы туралы өз білімдерімен бөлісті. Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі осы іс-әрекеттер арқылы айқын көрініс тапты.
Біз балалардың бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау, жануарларға жанашырлық таныту, еңбекқорлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналар мен педагогтердің бірлескен игі бастамаларын қолдау мақсатында осы іс шараны ұйымдастырып отырмыз, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлнұр Мырзабулова.
Іс-шараға балалар, ата-аналар және балабақша ұжымы белсене қатысып, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етудің, табиғатты қорғаудың және қайырымдылық жасаудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.