Астанада күзгі «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында 3 қазан күні жалпы қалалық ауқымды экологиялық акция өтті. Елорданы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 173 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы.
Экологиялық акцияға тұрғындар, жастар, студенттер, волонтерлер, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Акцияға шамамен 2 430 кәсіпорын, ұйым, мекеме, басқарушы компания, ПИК және МИБ атсалысты.
Нәтижесінде 3 400 аула ретке келтіріліп, 180 саябақ пен гүлзар тазаланды. Бұл жұмысқа 640 арнайы техника жұмылдырылды.
470 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды. Елорданы көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілді. Акцияға қатысушылар шамамен 2 мың ағаш пен 1 900 бұта отырғызды.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы 12 қыркүйекте басталып, Астананың барлық ауданында жүріп жатыр. Ол елорданың санитарлық және экологиялық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және қала тазалығына ортақ жауапкершілік мәдениетін арттыруға бағытталған.
Экологиялық іс-шараларға кез келген ниет білдіруші қатыса алады.