Жаңалықтар

Астанада «Арбамен арманға» кітабы таныстырылды

Астанада «Арбамен арманға» кітабы таныстырылды
Фото: Қорғаныс министрлігі 21.03.2024 12:34 455

Елордада «Арбамен арманға» кітабының тұсауы кесілді. Аталған туындыда I топтағы мүгедек Арнұр Ысқақовтың тағдыры баяндалады. Автор тағдыр тәлкегіне қарамастан, өмірдің барлық қиындығын жеңе білді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мұндай кітаптар ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсету және әр отандасымызға қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру мәселесіне қоғам назарын аударатынын атап өтті.

Кітап авторы Арнұр Ысқақов аталған туындыны жазуға және басып шығаруға небәрі төрт ай уақыт кеткенін, алайда бұл идея бұрыннан көкейінде жүргенін айтты.

Суға батып бара жатқан қыздың жанайқайын естіп, бірден құтқаруға ұмтылдым. Алайда өзенге секірген кезде басымды ұрып, омыртқамды сындырып алдым. Жансақтау бөлімінде жатқанымда әлгі қыздың суға батып бара жатпағанын, бұл әрекетті тек әзіл-қалжың үшін жасағанын білдім. Осы қайғылы оқиға өмірімді түбегейлі өзгертті. Тағдырымның жаңа желісі оқырмандарды қызықтыра алады деп үміттенемін. Күш беретін, жігер жанитын кітапты қазақ тілінде жазғым келді. Көп тақырып қозғалды. Оның ішінде рухани байлық пен тәрбие де бар, – деді ол.

Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясы атқарып жатқан жұмыстың негізгі басымдығының бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр медициналық мекемелердің электрондық құжаты негізінде мүгедектікті белгілеу процесі заңнамалық түрде бекітілді. Сонымен қатар дамуында кемістігі бар және оның пайда болу қаупі бар жас балаларға арналған 8 ерте араласу орталығы, мектептерде инклюзияны қолдаудың 61 кабинеті ашылды. Бұған қоса, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында 5 мыңға жуық әлеуметтік нысан ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға