Жаңалықтар

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өтеді: не талқыланады

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі өтеді: не талқыланады
Фото: gov.kz 10.10.2023 10:00 1252

Осы жылдың 19 қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет екенін, өзінің ұлттық мүдделерін қорғайтынын және татулық пен халықаралық проблемалардың шешімдерін іздеу жолында екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі іс жүзінде қандай үлес қосып келе жатыр? 2003 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан съездің бейбітшілікті сақтап, әртүрлі дін өкілдері арасындағы бір-біріне деген сыйластық және толеранттылық сезімін арттыруға деген үлесі орасан зор. Съездің әр уақыттағы негізгі мақсаттары – әлемдік және дәстүрлі діндерден жалпы адамзаттық бағдарларды іздеп, дінаралық сұхбатты жүзеге асыру мен келісілген шешімдерді қабылдау мақсатында тұрақты негізде қызмет атқаратын халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

2003 жылы 23-24 қыркүйекте елордамыз Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші съезі өтті. Бұл съезд жұмысына Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен 17 делегация қатысып, бейбітсүйгіш еліміз ту­ралы әлемнің көптеген елінде көп адам естіп-білді. Ал былтыр өткізілген жетінші съезге әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден аса делега­цияның қатысуы осы бағытта жасалып жатқан жұмыстың дұрыстығының дәлелі деп айтуға толық негіз бола алады.

Бірінші съезд барысында қатысушылар дінаралық саммитті тұрақты негізде өткізу және оның жұмыс органын – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылдаған болатын. Хатшылық съезд отырыстарының дайындығын, съездің ұсыныстарын, күн тәртібін, декларациялар, өтініш мәтіндерінің жобаларын және съезде қабылданатын өзге де тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуді қамтамасыз етеді. 2003 жылғы қыркүйекте бірінші съезд шақырылған күннен бастап 20 жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан осы Хатшылықтың қызметі арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық келісім пен қоғамның шоғырлануының үлгісін көрсетуде.

11 қазанда Астана қаласында кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің XXI Хатшылығы өтеді. Хатшылық жұмысына ислам, христиан, буддизм және иудаизм діндерінің ең беделді өкілдері, сондай-ақ әлемнің 24 елінен халықаралық ұйымдардың саяси қайраткерлері мен өкілдері қатыспақ. Съезд хатшылығының басшысы, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Хабар» агенттігінің «Бетпе-бет» бағдарламасына берген сұхбатында:

Біз әлемдік масштабта мемлекеттік және халықаралық институттардың ықпалы, атап айтқанда, қандай да бір мәселені шешуге деген ықпалы төмендеп кеткенін көреміз. Ал рухани көшбасшылардың ықпалды рөлі, керісінше артып келеді. Бүгінгі өмір оңай емес, кез келген адамға бір сенімді тірек керек, біз оны руханияттан іздейміз. Ерте ме, кеш пе әрбір адам тіршіліктің мәні жайында өз-өзіне сұрақ қоятын болады, оған жауап іздейді, өмір жайында ойланады. Сондықтан әл-Әзһардың Жоғарғы шейхы Ахмед ат-Тайеб немесе Папа Франциск секілді көшбасшылардың ықпалы артып келеді. Оларды жұрт тыңдайды, кеңес сұрайды және осы тұрғыда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жасампаздық, ынтымақтастық рухындағы маңызы зор, - дей отырып, аталған съездің маңыздылығына тоқталған болатын.

Хатшылық отырысы асында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIІ съезінің қорытындысын талқылау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIІ съезде ұсынған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» талқылау және қабылдау жоспарлануда.

Сонымен қатар съезде талқыланатын басқа да тақырыптар және қандай нәтижелер күтілетіндігі туралы съезд хатшылығының басшысы:

Съезд хатшылығы аясында әлемнің рухани орталықтарында бірқатар зерттеу, дөңгелек үстел өткізу және осы Келісім мен толеранттылық идеологиясын тарату да жоспарланып отыр. Егер «Алдағы 10 жылда съезд жұмысы қалай дамиды?» деген сұрақтың жауабын тұжырымдайтын болсақ, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері нақты іс-әрекеттер мен шешімдерге назар аударуды ұсынады дер едім. Ең бірінші кезекте диалогті қамтамасыз ету маңызды болды. Ал қазір әлемдегі ең өзекті кедейлік, экологиялық мәселелер, соғыстар, қақтығыстар, радикализмге қарсы күрес, арандатушылық сияқты жаһандық проблемаларды бірлесіп шешетін кез келді. Тұжырымдамада осы мәселелер ашық айтылған. Дәл осы сұрақтар Съезд құжатында да кеңінен қарастырылады. Егер діни көшбасшылар Тұжырымдаманы қабылдаса, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің алдағы уақыттағы жұмысы осы құжат негізінде іске асырылады, - деп атап өтті.

Съезд хатшылығында бас қосудан бөлек әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 20 жылдығы аталып өтіледі. Бұл мерейтой арқылы Қазақстан толеранттылықты, дінаралық диалог пен бейбітшілікті негізгі нысанға ала отырып, ел ордасы Астана қаласына барлық дін өкілдерін қуана қарсы алмақ.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі діндер, мәдениеттер пен өркениеттердің арасындағы диалогты дамытуға, бүкіл әлемде конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының съезд отырыстарының дайындығын ұйымдастыруы және онда қабылданатын тұжырымдамалық құжаттар мен жобаларды әзірлеуі маңызды.

Авторы: Д.Қасымхан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға