Жаңалықтар

Астанада 99 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Астанада 99 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі 03.08.2023 05:22 773

Қазіргі уақытта Астананың жеке сот орындаушыларының (ЖСО) өңірлік палатасында 244 ЖСО жұмыс істейді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Айнабеков ЖСО-ға қатысты жүргізілген тексерулер туралы Астананың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Жыл басынан бері департамент жеке сот орындаушыларының қызметіне 149 жоспардан тыс және 75 жоспарлы тексеру жүргізді. Нәтижесінде 99 ЖСО тәртіптік жауапкершілікке тартылды, үшеуі лицензиясынан айырылды, ТЖК лицензияларынан айыру туралы тағы екі ұсыныс ҚР Әділет министрлігінің қарауында.

Айта кету керек, Астанадағы жеке сот орындаушылары екінші деңгейлі банктермен, олардың кәсіпорындарымен, қаржы және сақтандыру ұйымдарымен, пәтер иелерінің кооперативтерімен жасалған келісімдер негізінде атқарушылық іс жүргізеді.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар әлеуметтік маңызы бар санат болып саналады. Қазіргі уақытта алимент өндіріп алу қоғамдағы өзекті мәселе болып саналады. Астана қаласының жеке сот орындаушылары алимент өндіріп алу туралы 19 890 атқарушылық іс қозғады, оның ішінде 9 915 атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлердің жалақысынан ай сайын ұстап қалу жүргізілуде, 618 атқарушылық іс жүргізу борышкерлерді іздестіруге жариялауға байланысты тоқтатылды, - деп хабарлады спикер.

Әділет департаменті қала прокуратурасымен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп осы бағытта үлкен жұмыс атқарды.

Мәселен, 6 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 79 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ жыл басынан бері 600-ге жуық борышкерден 358 млн теңге мөлшерінде берешек өндірілді. Жыл басынан бері жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында 10 жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 21 адам жұмыс тапты. Мұндай жұмыс жәрмеңкелері ай сайын ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға