Астанада жаттығу кезінде 9 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті. Оқиға Қазақстан футбол федерациясына тиесілі алаңда болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқыс жағдай футбол жаттығуы кезінде болған. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Қазақстан футбол федерациясы баланың жағдайын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
ҚФФ медициналық мекемемен байланыста және баланың жағдайын бақылауда ұстап отыр. ҚФФ балаға және оның отбасына қолдау білдіреді, – делінген федерация мәлімдемесінде.
Белгілі болғандай, оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жаттығу өткізу үшін жалға берген. Қазір федерация оқиғаның мән-жайын анықтап, нысан мен ондағы құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеріс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ҚФФ құзырлы органдарға қажетті ақпарат беріп, оқиғаның себептерін анықтауға көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Мұндай жағдай бұған дейін де болған
Қазақстанда балалардың үстіне футбол қақпасының құлауы бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. 2023 жылы №10 мектеп аумағында 10 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап, оқушы алған жарақаттарынан көз жұмған.
Ақтауда да осыған ұқсас қайғылы жағдай болған. 16 жастағы жасөспірімнің үстіне футбол қақпасы құлап, ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін жасөспірім көз жұмды. Сондай-ақ футбол қақпасының құлауына байланысты оқиғалар Теміртау, Қарағанды, Көкшетау және еліміздің басқа да қалаларында тіркелген. Бұған дейін осындай жағдайларды зерттеген БАҚ материалдарында футбол қақпаларының дұрыс бекітілмеуі немесе талапқа сай орнатылмауы негізгі мәселелердің бірі ретінде көтерілген. Кейбір оқиғалардан кейін полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау және қызмет көрсету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізген.
Қазіргі уақытта Астанада болған оқиғаға қатысты тексеріс жалғасып жатыр.