Жаңалықтар

Астанада 3 мың домбырашы бір мезетте күй шертіп, рекорд орнатты

Астанада 3 мың домбырашы бір мезетте күй шертіп, рекорд орнатты
Фото: Астана қалалық әкімдігі 30.10.2024 17:55 397

Елордада бір мезетте үш мыңнан аса домбырашы «Балбырауын» күйін орындап, өнер әлеміндегі бұл ерекше жарқын оқиға Қазақстанның Гиннесс рекордтарын тіркеу кітабына енді. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шарада үш мыңнан астам астаналық домбыра үйірмелеріне қатысушылар Құрманғазы Сағырбайұлының шоқтығы биік «Балбырауын» күйін бір мезгілде күмбірлетті.

Бұған дейін ешқашан бір залда 3200-ден астам музыкант күй немесе басқа музыкалық шығарма орындап көрген жоқ. Бұл жөнінде осы іс-шара осыған дейінгі елімізде орнатылған рекордтарды басып озып отыр. Әлем бойынша да ең үлкен музыкалық рекордтардың бірі болғалы отыр деуімізге болады. Десе де біздің негізгі мақсатымыз – ел аймағы бойынша Қазақстан рекордтар кітабына тіркеу. Ал бұл мақсатымызға бүгін толық жеттік деп айта аламыз. Осы процесті арнайы сарапшыларымыз бақылап отырды. Балалардың санын 8 сарапшы, ал күйдің орындалу сапасын 4 сарапшы саралады, - деді Қазақстан Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

Күй мерекесіне мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек дирижерлік етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да үйірмелердің қатысуымен осындай іс-шаралар жиі өткізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға