Жаңалықтар

Astana Run: елордада алдағы жексенбі күні желаяқтар жарысы өтеді

Astana Run: елордада алдағы жексенбі күні желаяқтар жарысы өтеді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 02.04.2024 17:51 294

Елордада осы жексенбі, яғни 7 сәуір күні «Астана Триатлон» саябағында қаланың әрбір тұрғыны мен қала қонақтары қатыса алатын 5 шақырым қашықтыққа жүгіру және де балаларға арналған 400 м мен 1 км қашықтықтағы көктемгі жүгіру жарысы өтеді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Astana Run» көктемгі жүгіру жарысы 5 шақырым қашықтыққа созылып, 4 кезең бойынша өтеді. Яғни алдағы жаз, күз және қыс айларында.

Жарысқа қашықтықты еңсеруге қабілетті келесі жас санаттарында қатысуға барлық ниет білдірушілер (ерлер мен әйелдер) шақырылады.

18-29 жас,

30-39 жас,

40-49 жас,

50-59 жас,

60 және одан жоғары.

Балалар жарысы келесі жас санаттары арасында өткізіледі:

3-9 жас (400 м);

10-17 жас (1 км).

Қазір «Astana Run» көктемгі жүгіру жарысына қатысуға тіркеу жабық, ұйымдастырушылар жарысқа дайындықтың соңғы кезеңіне жетті.

Әрбір кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері барлық жас санаттарындағы ерлер мен әйелдер арасында үздік нәтиже бойынша анықталады. Олар медальдармен, дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.

Жарыс туралы толық ақпарат www.astanatriathlon.kz сайтында орналастырылған, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің әлеуметтік желілерінің аккаунттарында instagram: @astana_triathlon.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға