Арманын Астанамен байланыстырған Астанай есімді ару бар. Осыдан 10 жыл бұрын ол Атыраудан бір шабаданын арқалап елордаға келген. Содан бері осында білім алып, еңбек етіп, отбасын құрды. Ендігі ең үлкен мақсаты – Астанадан пәтер алу. Астана күніне орай El.kz тілшісі елорданың құрдасы Астанай Бақытпен әңгімелесіп, есімінің тарихы, бас қалаға деген ерекше ықыласы жайлы сұхбаттасты.
– Астанай деген есім бірден елордамызды еске түсіреді. Есіміңізді кім қойды? Неге дәл осы атты таңдаған? Оның қандай тарихы бар?
– Менің есімімнің тарихы – менің өмірбаянымның ең қызық бөлігі. Мен 1998 жылдың 10 маусымында Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келдім. Бұл Қазақстан үшін тарихи күндердің бірі еді. Дәл сол күні жаңа елордамыздың халықаралық тұсаукесері өтті.
Сол күні біздің ауданымыздағы өте сыйлы ақсақал, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, құдамыз Максим Елеуов перзентханаға арнайы хат жіберіп, ата-анама: «Дүниеге келген шарананың есімін, ел тарихымен байланыстырып Астанай қойсақ қайтер еді. Жас сәби ел астанасымен қатар өссін» деп ұсыныс айтыпты. Сөйтіп, маған Астанай деп ат қойды.
Кейін есейгенде интернеттен есімім жайлы ақпарат іздеп көрдім. Сонда Қазақстан бойынша бұл есімнің өте сирек екенін білдім. Тіпті мен Астана қаласының құрметіне қойылған алғашқы Астанай екенмін. Қазір елімізде небәрі 4 Астанай бар. Сол кезде ғана есімімнің қаншалықты ерекше екенін толық түсіндім.
«Біз сені картадан іздейміз» деп қалжыңдайтын
– Есімің ерекше болғандықтан мектепте немесе қоғамда буллингке ұшыраған кезіңіз болды ма?
– Қатты буллинг болды деп айта алмаймын. Бірақ бала кезде ерекше есімнің салмағын сезінеді екенсің. Мектепте алғаш танысқанда бәрі міндетті түрде: «Шын атың ба?», «Құжатыңда да солай жазылған ба?», «Неге Астана емес, Астанай?» деп сұрайтын.
Кейбір балалар әзілдеп «Қостанай келе жатыр», «Астана бүгін сабаққа келмепті», «Біз сені картадан іздейміз» деп қалжыңдайтын. Ол кезде кішкентай болған соң ыңғайсызданатынмын. Кейде неге бәрінің аты Айдана, Аружан, Динара сияқты қарапайым, ал менікі осындай ерекше деп ойлайтынмын.
Бірақ уақыт өткен соң көзқарасым өзгерді. Университетке түскеннен кейін адамдар менің есімімді ерекше қабылдап, қызыға қарай бастады. Қазір керісінше, адамдардың мені бірден есте сақтайтынына қуанамын. Егер маған тағы бір рет таңдау берілсе, ешқашан есімімді өзгертпес едім.
– Астанай деген ерекше есімнің өміріңізде пайдасы тиді ме? Қызықты оқиғалар болса, бөліссеңіз.
– Айтарлықтай бір пайдасы болған жоқ (күлді). Бірақ кішігірім артықшылықтары бар. Ең алдымен, адамдар мені бір кездескеннен кейін ұмытпайды. Бұл журналистикада да, қазір блогерлік қызметімде де үлкен артықшылық болды. Біреу «Астанай» деген есімді естісе, бірден: «Астананың құрметіне есімі қойылған қыз емес пе?» деп есіне түсіреді.
Екінші, бұл есім маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Өйткені адамдар: «Осындай ерекше есім алып жүрген соң, өзі қандай адам екен?» деп қарайды. Сондықтан кішкентайымнан тек дұрыс жолда жүруге, шалыс баспауға тырыстым.
Үшінші, бұл есім мені өз елімнің тарихына жақындатты. Себебі менің туған күнім де, есімім де – Қазақстанның жаңа дәуірінің басталуымен байланысты.
Сіңілім де Астана күні туылған
– Сіңіліңіздің есімі сіздің атыңызға ұқсай ма? Оның қойылу тарихы қандай?
– Иә, бір ғана сіңілім бар, есімі – Раушан. Бір қызығы, екеуміз де Астана күні дүниеге келгенбіз. Ол дәл 6 шілдеде, яғни қазіргі Астана күнінде дүниеге келген. Көп адам: «Онда есімі де Астанаға қатысты шығар?» деп сұрайды. Бірақ ата-анам сіңіліме қазақтың өте нәзік, әдемі есімдерінің бірі – Раушан деп ат қойған. Сондықтан біздің отбасымызда Астанаға қатысты ерекше естеліктер өте көп.
– Осыдан он жыл бұрын арман қуып Астанаға келген екенсіз. Есіміңіз Астанай болғандықтан, елордада оқып, осында білім алуыңыздың арасында қандай да бір байланыс бар ма? Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе?
– Иә, әсер етті деп ойлаймын. Мен бала күнімде Астана деген қандай қала деп ойлайтынмын. Алғаш рет оқушы кезімде Астанаға барғанда қатты әсер алдым. Түнгі шамдары, биік ғимараттары, кең көшелері… Маған бәрі ерекше көрінді. Тіпті сол кезде «Астана алып кеме секілді» деп сипаттағаным есімде.
Сол сапардан кейін ішімде бір мақсат пайда болды: бір күні осы қалада оқимын дедім. Кейін мектепті бітіріп, журналистика мамандығын таңдап, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түстім. Бұл мен үшін кездейсоқ таңдау емес еді. Бала кезден атыма себеп болған қаламен өмірімді байланыстырудың бір жолы сияқты көрінді.
– Астананы жақсы көретінің жайлы өз блогыңда жиі жазасың. Неге? Төрт себебін атап өтіңізші?
– Бірінші себеп – бұл қала менің өмірімнің бір бөлшегі. Менің атымды естіген адамның ойына бірден Астана келеді. Сондықтан бұл қаланы бөтен деп қабылдай алмаймын.
Екінші себеп – мүмкіндіктер қаласы. Мен осы қалада білім алдым, кәсіби орта қалыптастырдым, көптеген жақсы адамдармен таныстым. Астана маған көп есік ашты.
Үшінші себеп – бұл қала үнемі қозғалыста. Әр барған сайын жаңа саябақ, жаңа ғимарат, жаңа жоба пайда болады. Ол адамның да алға ұмтылуына мотивация береді.
Төртінші себеп – мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен талантты жастар келеді. Әртүрлі орта, жаңа идеялар, үлкен армандар тоғысатын жер болғандықтан, бұл қаланың энергиясы ерекше деп ойлаймын.
Астанадан үй алу – арманымыз
– Оқу бітіргеннен кейін Атырауға қайтып, сол жақта алғашқы еңбек жолыңызды бастадыңыз. Отбасын құрдыңыз. Араға бірнеше жыл салып Астанаға қайта оралыпсыз. Үй алдыңыздар ма? Жалпы Астанада жастарға мүмкіндік жасалған ба?
– Иә, біз 2025 жылдың қыркүйегінде Астанаға көшіп келдік. Әзірге үй алған жоқпыз, бірақ бұл – алдағы үлкен мақсатымыздың бірі.
Ал жастарға мүмкіндік бар ма десеңіз, менің жауабым – иә. Дегенмен мүмкіндік тек қалада емес, оны көріп, пайдалана білетін адамның өзінде. Астанада білім алу, жұмыс істеу, кәсіп бастау, шығармашылықпен айналысу үшін жағдай жеткілікті. Халықаралық форумдар, мемлекеттік бағдарламалар, түрлі жобалар, үлкен компаниялар – бәрі осында шоғырланған.
Әрине, бұл қалада өмір сүру оңай емес. Бәсекелестік жоғары, өмір қарқыны жылдам. Бірақ дәл сол орта адамның өсуіне ықпал етеді. Егер еңбектенсең, ізденсең, Астана міндетті түрде өз мүмкіндігін береді.
– Болашақтағы Астананы қалай елестетесіз?
– Мен болашақтағы Астананы әлемдегі ең заманауи әрі ең жайлы астаналардың бірі ретінде елестетемін. Жасанды интеллект кең қолданылатын, қоғамдық көлігі толық цифрландырылған, экологиясы жақсарған, жасыл аймақтары көбейген қала болса деймін.
Сонымен бірге қанша жерден заманауи болса да, қазақтың ұлттық болмысы сақталғанын қалаймын. Көшелерінен қазақы рух сезіліп тұрса, мәдениеті мен тілі одан әрі дамыса екен деймін.
Менің есімім Астанамен бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан осы қаланың әр жетістігіне өзімнің де қуанатыным рас. Болашақта Астана тек Қазақстанның емес, бүкіл Орталық Азияның ғылым, білім, мәдениет және инновация орталығына айналады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!