Жаңалықтар

Астана қаласының әкімі Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті

Астана қаласының әкімі Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek 15.04.2023 20:48 951

Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Есіл ауданының тұрғындарымен кездесуде бірқатар мәселе көтерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде тұрғын үй кешендерін жаңғырту, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, әлеуметтік нысандар (әлеуметтік тұрғын үй, медициналық орталықтар, мектептер) салу, тығыз құрылыстар, сумен жабдықтау, жолдар мен тротуарлар, нөсер кәрізін салу, автобустарды іске қосу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселесі көтерілді. 

«Қазір біз 14 мектеп салып жатырмыз. Оның 11-ін биыл аяқтаймыз. (Есіл ауданында – 4 мектеп). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 90 мың оқушы орнына (2 ауысымды) арналған тағы 24 мектепті жобалауды бастаймыз. Мәселен олардың 15-і Есіл және Нұра аудандарында болады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысына тоқталар болсам, биыл да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне қатысты бірқатар нысанның құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар қалаға жылу, су, электр бойынша қосымша күш береді», - деп жазды елорда әкімі.

«Көтерілген мәселелер бойынша орындау кестесі жасалады.Проблемалардың бір бөлігін биыл шешеміз, ал қалған бөлігін орындауды келесі жылға жоспарлаймыз. Мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткіземіз, сол сияқты елді мекендердің тұрғындарымен кездесеміз. Бұдан бөлек, апта сайын азаматтарды қабылдауды жалғастырамын»,  - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға