Жаңалықтар

Астана полицейлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылатын болады
Астана полицейлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Фото: polisia.kz 10.10.2022 14:28 979

Елордада мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының қатысуымен ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге байланысты Астана полицейлері бүгіннен бастап қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтілді, бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырады. Көші-қон заңнамасын бұзу әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап «Учаске» Республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылатын болады. Өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалыс уақытша ішінара шектеледі.

Астана қаласының Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды және ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынады.

«Қауіпсіздік және көлік кідірістерін болдырмау үшін жол жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ұсынамыз»,-делінген хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға