Жаңалықтар

Astana Opera академиясының солисі әлемдік опера әншісінің арнайы жүлдесін иеленді

Astana Opera академиясының солисі әлемдік опера әншісінің арнайы жүлдесін иеленді
Фото: gov.kz 24.01.2023 19:27 806

Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Гүлдана Алдадосова Мәскеудегі Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы Музыкалық театрда өткен Хибла Герзмаваның вокалистер мен концертмейстерлердің беделді байқауында арнайы сыйлық иегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстандық әнші өзінің ғажайып сопраносымен қазылар алқасының жүрегін жаулап, арнайы жүлдеге қоса, Ресейдің бірнеше жетекші театр алаңдарында өнер көрсетуге ұсыныс алды.

– Осы жазда оқуларын аяқтайтын Astana Opera опера академиясының тыңдаушылары зор әлеуеттерін паш етуде, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

– Жақын арада олар өздерін Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің үздік театрларының солистері ретінде көрсетеді, қазақстандық опера өнерін әлемге абыроймен таныстырады деп үміттеніп отырмыз. Қазірдің өзінде жастар «Астана Операда» белсенді өнер көрсетіп, шетелде опералық қойылымдарда дебют жасауда, халықаралық байқауларға ойдағыдай қатысуда. Гүлдана Алдадосова – келешегі зор, өр мінезді орындаушы, дарынды және мақсатқа ұмтылған керемет дауыс иесі. Әлемдік опера жұлдызы Хибла Герзмаваның атынан арнайы сыйлық алуы Гүлдананың жарқын мансабындағы тағы бір қадамы болады деген сенімдемін. Оны шын жүректен құттықтап, жаңа табыстар тілейміз!

Хибла Герзмаваның Метрополитен Опера, Ла Скала, Ковент-Гарден, Париж ұлттық операсы, Арена ди Верона секілді әлемнің басты опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген дүниежүзіне әйгілі опера әншісі ғана емес, сондай-ақ оның Мәскеу консерваториясының жеке ән айту кафедрасының доценті, «Онегин» Ұлттық опера сыйлығының президенті, «Хибла Герзмава шақырады…» музыкалық фестивалінің негізін қалаушы әрі жетекшісі екенін атап өтуіміз керек. Опера әртісінің қолдауымен өткен байқаудың қазылар алқасының құрамына жетекші әншілер, режиссерлер, дирижерлер мен опера агенттері енді.

Байқауда Astana Opera академиясын Гүлданамен қатар, Ораз Мұқамедияр мен Зәру Жазықбаева таныстырды, олар қатысуды бірінші турдан кейін тоқтатты. Бас жүлде иегері ресейлік бас Алексей Кулагин атанды. Байқау лауреаттары ақшалай сыйлықтармен марапатталып, үздік ресейлік театрлардың опера сахналарында дебют жасауға мүмкіндік алды.

Әлеуетті қатысушыларды алдын ала тыңдау 2022 жылғы 1 маусым мен 24 қазан аралығында өтті, олар түрлі сипаттағы екі арияны орындаған бейнежазбаны жолдаған болатын. Осылайша, I турға 37 қатысушы іріктеп алынды, олар ұсынылған тізімнен арияларды орындады. Екінші айналымда үміткерлерге үйреншікті қалыптан шығуға тура келді: олар иллюстратор-вокалистпен бірге дуэт болып өнер көрсетіп, сондай-ақ классикалық опереттадан ариялар мен халық әндерін a cappella айтулары керек болды. Ақтық кезең де оңай болған жоқ, финалға 12 қатысушы шықты. Олар симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен XIX–XXI ғасырдағы орыс және еуропа композиторларының операларынан ариялар орындады. Астанадан барған әншіге жүздеген адам жанкүйер болды.

– Барлық қарсыластарым – мықты әрі беделді вокалистер, – деп пікірімен бөлісті Гүлдана Алдадосова. – Шынымды айтсам, финалға шығамын деп күткен жоқпын. Алғашқы екі айналымда ұйымдастырушылар дайындаған тізімнен арияларды айту қажет болды, олардың барлығы мен үшін жаңа шығармалар болды, оларды бұрын-соңды орындамаған едім. Опереттадан ариямен және еш сүйемелдеусіз халық әнімен өнер көрсету қажеттілігі нағыз емтихан болды.

Опера академиясы солисінің айтуынша, оның мақсаты бүкіл әлемге Қазақстанда әлемнің үздік орындаушыларымен бәсекелесе алатын тембрлері мен дауыстары керемет вокалистер бар екенін көрсету болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға