Жаңалықтар

Астана мен Ереван мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтпақ

Астана мен Ереван мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтпақ
Фото: gov.kz 27.03.2023 20:29 492

Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Вице-премьері Мгер Григорянмен кездесу өткізіп, оның барысында түрлі салалардағы қазақ-армян екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Армян тарапы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламасымен, сондай-ақ 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстандағы парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы егжей-тегжейлі хабардар етілді. Өз кезегінде М. Григорян сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалады әрі елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын айтты.

Кездесу барысында Астана мен Ереван арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды тереңдету перспективалары бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Биыл Ереванда өтетін экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысын және қазақ-армян бизнес-форумын ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында осындай іс-шараларды тұрақты өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға