«Қазгидромет» болжамынша, алдағы үш күнде Астана мен Алматыда ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. 25-27 тамыз аралығында елордада күндіз ауа температурасы +31 градусқа дейін, ал Алматыда +30 градусқа дейін жетеді.
Астанада күн +31 градусқа дейін жылынады
25 тамызда Астанада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын болмайды. Түнде ауа температурасы +8…+10 градус болса, күндіз +24…+26 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік және солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы түнде секундына 2-7 метр, күндіз 7-12 метр болады.
26 тамызда да елордада жауын-шашын күтілмейді. Түнде +9…+11 градус, күндіз +27…+29 градус болады. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батыс бағытқа ауысып, секундына 5-10 метр жылдамдықпен соғады.
27 тамызда күн одан әрі ысып, ауа температурасы күндіз +29…+31 градусқа жетеді. Түнде +13…+15 градус шамасында болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 7-12 метрге жетіп, екпіні 15-20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Алматыда жаңбырдан кейін күн жылынады
25 тамызда Алматыда түнде жаңбыр жауып, күндіз аздаған жауын-шашын күтіледі. Кей уақытта күн күркіреуі мүмкін. Түнде ауа температурасы +17…+19 градус, күндіз +26…+28 градус болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей уақытта секундына 18 метрге дейін жетеді.
26 тамызда жауын-шашын тоқтайды. Түнде ауа температурасы +13…+15 градусқа дейін төмендегенімен, күндіз +26…+28 градусқа дейін жылынады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін күшеюі мүмкін.
27 тамызда Алматыда көшпелі бұлт шығып, жауын-шашын күтілмейді. Түнде +15…+17 градус, күндіз +28…+30 градус болады. Жел солтүстік-шығыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен соғады.
Тамыздың соңында ауа райы құбылмалы болады
«Қазгидромет» болжамынша, тамыздың соңғы күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, күн күркіреуі, кей жерлерде нөсер, бұршақ және дауыл болуы ықтимал.
Соған қарамастан, республиканың басым бөлігінде жылы ауа райы сақталады. Кей өңірлерде күндізгі температура +35 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.