Астана мен Алматыда аптап ыстық сақталады

Астана мен Алматыда аптап ыстық сақталады
Фото: Рixabay

«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, 12-14 шілде аралығында Астана мен Алматыда аптап ыстық сақталады. Кей күндері ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріледі, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

12 шілдеде елордада күн ала бұлтты болады, жауын-шашын күтілмейді. Шығыс және солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3–8 метр болады. Түнде ауа температурасы +18...+20 градус, күндіз +35...+37 градусқа дейін ысиды.

13 шілдеде де жауын-шашынсыз, ала бұлтты ауа райы сақталады. Солтүстік-шығыс желі оңтүстік-шығысқа ауысып, секундына 3–8 метр жылдамдықпен соғады. Түнде +16...+18 градус, күндіз +35...+37 градус ыстық болады.

14 шілдеде ауа температурасы одан әрі көтеріліп, күндіз +37...+39 градусқа дейін жетеді. Күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Оңтүстік-шығыс желі күндіз секундына 9–14 метрге дейін күшейеді.

Алматыда жаңбыр мен найзағай күтіледі

12 шілдеде Алматыда жауын-шашынсыз, ала бұлтты ауа райы болжанып отыр. Батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 3-8 метр болады. Түнде +20...+22 градус, күндіз +34...+36 градусқа дейін ысиды.

13 шілдеде күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей жерлерде секундына 15 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +20...+22 градус, күндіз +32...+34 градус болады деп күтіліп отыр. 

14 шілдеде де күндіз жаңбыр мен найзағай болжануда. Ауа температурасы түнде +20...+22 градус, күндіз +35...+37 градусқа дейін көтеріледі.

Дәрігерлер сақтық шараларын ескертті

Мамандар аптап ыстық кезінде сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін мүмкіндігінше далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Бұл уақытта күн сәулесінің белсенділігі ең жоғары болады.

Әсіресе егде жастағы адамдар, балалар, жүкті әйелдер және ашық аспан астында жұмыс істейтін азаматтар сақ болғаны жөн.

Дәрігерлер күн бойы суды жеткілікті мөлшерде ішіп, табиғи матадан тігілген ашық түсті киім киюді, бас киім тағуды және көлеңкелі немесе салқын жерлерде болуды ұсынады.

Сонымен қатар мамандар суды шамадан тыс көп ішудің де қауіпті екенін ескертеді. Қысқа уақыт ішінде суды артық мөлшерде тұтыну ағзадағы натрий деңгейінің төмендеуіне (гипонатриемияға) әкелуі мүмкін. Ауыр жағдайда бұл ми ісінуін туындатып, шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

Оқи отырыңыз