Astana Media Week сабақтары: фактчекердің көзімен қарағандағы отандық БАҚ өнімдері

Astana Media Week сабақтары: фактчекердің көзімен қарағандағы отандық БАҚ өнімдері
Фото: El.kz

Astana Media Week аясында NoFake.kz порталының редакторы, журналист Жәудір Оразхан ақпаратты саралау, аудиторияның сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және журналистің жауапкершілігі туралы айтты. «Ояну: ақпаратты қабылдау, саралаудың тың тәсілі және критикалық интеллект» шеберлік сағатында спикер әріптестер таратқан жалған ақпаратқа қатысты сұраққа да жауап берді.

«Сіз әріптестеріңіздің жалған ақпарат таратқанын көргенде айтасыз ба?» деген сұраққа Жәудір Оразхан сабақта көрсеткен мысалын келтірді. Оның айтуынша, экранға шығарылған материал танымал сайттардың бірінде жарияланған. Алайда оны қатысушыларға ұсынар алдында сайттың атауын жасыруды сұраған.

Спикер сол редакцияға ақпараттың қатесін түзеткендері туралы хабарлама жібермегенін де айтты. Мұндай қадамға бармауының ықтимал себебін өзіне қатысты күмәнмен байланыстырды.

Ертең мен де қателесіп қалуым мүмкін ғой деген сондай бір қорқыныш шығар, – деді ол.

Осы мысалға қатысты Жәудір Оразхан әріптестеріне қатесін тікелей айтуға әзірге дайын емес екенін жеткізді.

Шеберлік сағатында спикер журналистің жауапкершілігі ақпарат таратумен шектелмейтінін де атап өтті. Оның пікірінше, маман оқырман мен көрерменнің ақпаратты қалай қабылдайтынын және оның қандай салдары болуы мүмкін екенін түсінуі қажет.

Біз қазір ақпарат таратушы ғана емеспіз. Біз таратқан ақпаратты адам қалай қабылдайды, оның салдары қандай? Міне, осы сұраққа да жауаптымыз, – деді Жәудір Оразхан.

Оның айтуынша, аудитория ұсынылған мәліметке бірден сенбей, оның мақсатына үңілуі керек. Ақпараттың не үшін және неліктен дәл қазір таралып жатқанын сұрай білу маңызды.

Спикер әлдебір тұжырымды сол күйінде қабылдап, эмоцияға беріліп пікір жазумен шектелмеуге шақырды. Ол журналистер ақпаратты саралайтын, сұрақ қоятын және тексеретін аудитория қалыптастыруға атсалысуы тиіс екенін айтты. Ал бұл үшін журналистің өзі де аудиторияның ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін түсінуі қажет.

Жәудір Оразхан жалған ақпараттың тарихына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл құбылыс ежелгі заманда да болған. Спикер соғысушы тараптардың халықты өзіне тиімді ақпаратқа сендіру үшін қабырғалар мен монеталардағы бейнелерді пайдаланғанын мысалға келтірді.

Оның пікірінше, ақпараттың аудиторияға ықпалын түсіну журналистің материал әзірлеу кезіндегі жауапкершілігін арттырып, тарататын мәліметінің салдарын ескеруге көмектеседі.

Оқи отырыңыз