Astana Media Week 2026: Қазақстан медиасын қандай өзгерістер күтіп тұр

Astana Media Week 2026: Қазақстан медиасын қандай өзгерістер күтіп тұр
Фото: El.kz

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week 2026 медиа апталығы өтіп жатыр. 14-16 қазанға жоспарланған іс-шараның бағдарламасында медиа саласының трансформациясы, жасанды интеллект, ақпаратқа сенім және отандық контентті дамыту мәселелері қамтылған.

Алғашқы күннің негізгі тақырыбы – «Media. Human. AI: 10 жылдағы трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы». Бағдарламаға сәйкес, пленарлық сессияға отандық және халықаралық медиа өкілдері, технологиялық компаниялардың мамандары қатысты.

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Network School негізін қалаушы, технологиялық кәсіпкер және инвестор Баладжи Шринивасан, Euronews-тің Азия, Таяу Шығыс және Африкадағы сату бөлімінің басшысы Фернанду Суареш, Meta компаниясының Оңтүстік және Орталық Азиядағы мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Юэн Тинг Чей спикер болса, талқылауды Euronews-тің Әзербайжандағы бюро басшысы әрі өңірлік коммуникациялар жетекшісі Надира Тюдор жүргізді.

Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілік, Орталық Азия туралы ағылшын тілінде ақпарат тарату және көптілді хабар тарату мәселелеріне арналған талқылаулар мен шеберлік сабақтары қарастырылған.

Іс-шара аясындағы сессиядан кейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы мен дәстүрлі медианың цифрлық ортаға бейімделуі туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, жасанды интеллект еңбек нарығына өзгеріс әкелгенімен, қазіргі кезеңде журналистердің жаппай жұмыссыз қалатынын айтуға ерте. Вице-министр технология журналистің жан жылуы мен кәсіби жауапкершілігін толық алмастыра алмайтынын атап өтті.

Қазіргі кезеңде жасанды интеллект бәрімізді жұмыссыз қалдырады деп айтуға болмайды, - деді Қанат Ысқақов.

Вице-министр отандық медианың ақпарат тарату тәсілдері де өзгеріп жатқанын жеткізді. Телеарналар стримингтік платформалар мен қосымшаларды дамытып, интернет кеңістігіндегі мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Ол «Жібек жолын» мысалға келтіріп, аудитория ақпаратты сайтпен қатар YouTube пен өзге де цифрлық платформалардан алатынын айтты.

Қанат Ысқақовтың сөзінше, ақпарат тарату форматтарының жақындасуы медиа арасындағы бәсекені әлсіретпейді.

Бір ортаға бірігу бәсекелестік жойылады деген сөз емес. Керісінше, бәсекелестік одан сайын артады, - деді вице-министр.

Бұл ретте вице-министр онлайн платформалардың ақпаратты жедел жеткізудегі рөліне тоқталды.

Кейбір Telegram және басқа да онлайн арналар ақпаратты жедел жеткізу жағынан дәстүрлі медиамен бәсекеге түсіп отыр, - деді Қанат Ысқақов.

Сонымен қатар ол министрлік газет-журналдар мен баспа саласын қолдауды жалғастыратынын айтты.

Оқи отырыңыз