6 шілде – Астана күні қарсаңында 3-12 шілде аралығында елордада 200-ге жуық іс-шара өтеді. Оның бәріне бірдей бара алмасымыз анық. Сондықтан ішінара сараптап, ең қызықты деген бірнешеуін ұсынамыз.
Жілік шаға аласыз ба?
Егер осындай өнеріңіз болса, 4 шілде күні «Жілік сындырудан» республикалық чемпионат өтетінін ескеріңіз. Әрине, турнир ұйымдастырушылары жілікті шағатынын ескермеген екен. Дегенмен жарыс Астана қаласының Баршын көшесі, 30/2 мекенжайында орналасқан «Ұлытау» спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылады. Чемпионат 11:00-де басталады.
Қызықты сайысқа Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының спортшылары қатысады. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қарулы күштерінің командалары да өзара мықтыны анықтайды.
Аспан астындағы қойылым
4-6 шілде аралығында Астана циркінде қала күніне арналған мерекелік бағдарлама өтеді. «Мерекелік саябақ» фестивалі 4 шілдеде Өнер музейінде, ал 5-6 шілдеде Орталық саябақта жалғасады. Бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, шығармашылық белсенді іс-шаралар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.
5 және 6 шілдеде Астана көшелері үлкен театр сахнасына айналады. Қалалық перформанс фестивалі 5 шілдеде Амфитеатрдан Қалалық алаңға дейінгі бағытта өтсе, 6 шілдеде «Жетісу» саябағында жалғасады. Көше театрларының әртістері көрермендерді қойылымдарға тікелей қатыстырады.
Алыптар айқасы өтеді
6 шілде күні сағат 16:00-де Астана әкімдігі алдындағы қалалық алаңда «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады.
Сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі.
Ән тербеген Астана
Дәстүр бойынша 6 шілдеде елорданың тұрғын алаптарында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Тұрғындар алдында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Кешкі сағат 18:00-де «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионының маңында Open Air форматындағы мерекелік концерттер басталады. Онда қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.