Астана күніне орай елордада ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. 2-11 шілде аралығында қала тұрғындары мен қонақтарын концерттер, фестивальдер, театр қойылымдары, спорттық жарыстар, көрмелер мен отбасылық іс-шаралар күтеді. Жалпы қала бойынша 200-ден астам мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарлама 2 шілдеде басталады. Бұл күні Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында республикалық «Байрағы биік байтағым» мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталады.
Сол күні Бейбітшілік және келісім саябағында Taza Fest Astana экологиялық фестивалі өтеді. Бағдарламада экожобалар көрмесі, интерактивті алаңдар, экологиялық эстафеталар мен концерт ұйымдастырылады. Кешке Есіл өзені бойында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі теплоход үстінде концерт береді.
Жастар фестивалі мен театр премьерасы
3 шілдеде Самал саябағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық шара өтеді. Осы күні М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Астана – шабыт мекені» фотокөрмесі ашылып, «Ел жүрегі – Астана!» жастардың open-air фестивалі ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Менің Астанам – менің отбасым» онлайн-байқауының жеңімпаздары марапатталса, Бейбітшілік және келісім саябағында балаларға арналған «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» фестивалі өтеді.
Кешке Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы амфитеатрда «Даламыздың үнісің сен, домбыра» концерті ұйымдастырылады.
3-4 шілде күндері көрермендер Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда заманауи балеттің «Астана, мен сені сүйемін» атты жаңа пластикалық спектаклінің премьерасын тамашалай алады.
Балалар жарысы, көше спорты және ұлттық өнер
4-6 шілде аралығында Астана циркінде арнайы мерекелік бағдарлама ұсынылады.
4 шілдеде Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында Kids Run балалар жарысы өтсе, кешке Urban Fest көше спорты фестивалі ұйымдастырылады. Мұнда скейтбординг, BMX, ролик және самокат спортынан жарыстар өтеді.
5 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында дәстүрлі музыкалық өнерді насихаттайтын «Асыл мұра» концерті өтеді. Сонымен қатар Ұлттық домбыра күніне арналған концертте мультимедиялық шоу, шеберлік сабақтары мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімі ұйымдастырылады.
5-6 шілде күндері елорда көшелері үлкен театр сахнасына айналады. Қалалық перформанс фестивалінде көше театрлары көрермендерді қойылымдарға тікелей қатыстырады.
Астана күні: концерттер мен спорттық жарыстар
6 шілде – Астана күнінің негізгі мерекелік шаралары өтетін күн.
Триатлон саябағында «Жас Қыран» турнирі, Ғашықтар саябағында «Астана сақасы» асық ату жарысы ұйымдастырылады. Ал қала әкімдігі алдындағы алаңда дәстүрлі «Толағай» алыптар сайысы өтеді.
Бұл күні елорданың барлық ауданында мерекелік концерттер ұйымдастырылып, тұрғын алаптарда қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Кешкі сағат 18:00-де «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» маңында Open Air форматындағы үлкен концерттер басталады.
«Жайдарман» фестивалі мен әдеби алаң
7 шілдеде Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі өтеді. Ал Амфитеатр сахнасында «Астана – арман қала» концерті ұйымдастырылады.
8 шілдеде Ұлттық академиялық кітапханада «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы жұмысын жалғастырып, кешке композитор әрі домбырашы Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыкалық кеші өтеді.
11 шілдеде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары марапатталады.
BaiQymyz халықаралық фестивалі өтеді
11-12 шілде күндері «Қазанат» ипподромында BaiQymyz – бапталған қымыз халықаралық гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылады.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейдің (Якутия) қымыз өндірушілері қатысады.
Сонымен қатар мерекелік бағдарлама аясында Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова, «Жігіттер» тобының концерттері, «Piano Stories. Шопеннен Прокофьевке дейін» музыкалық кеші, «Астана Опера» театрындағы халықаралық «Дон Карлос» фестивалі және «Шаншар» театрының жаңа қойылымы көрермен назарына ұсынылады.
Астана күні жаңа нысандардың ашылуымен ерекшеленеді
Мәдени бағдарламамен қатар, мереке қарсаңында елордада жаңа инфрақұрылымдық жобалар да іске қосылады.
Қаланың барлық ауданында 25-тен астам жаңа абаттандырылған аула мен қоғамдық кеңістік пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Астананың Индустриялық паркінде жаңа өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге және инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Осылайша, биылғы Астана күні тек мерекелік концерттер мен фестивальдермен ғана емес, қала инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалардың іске қосылуымен де ерекшеленбек.