Жаңалықтар

Астана халықаралық форумының екінші күнінің жұмысы басталды

Астана халықаралық форумының екінші күнінің жұмысы басталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 09.06.2023 10:10 847

Астана халықаралық форумы өз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шараның екінші күнінде бірқатар панельдік сессиялар, брифингтер, құжаттарға қол қою және кездесулер өтеді.

Форумның бүгінгі жұмысы «Энергетикалық қауіпсіздікті қайта қарау: айқын шешімдердің шеңберінен шығу қажеттілігі» тақырыбындағы панельдік сессиямен басталды. Бұл - пікірталас алаңындағы басты тақырыптардың бірі. Оған сараптамалық қоғамдастықтың, Қазақстан Энергетика министрлігінің және халықаралық энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысады.

Сонымен қатар «Өзгелердің шарасыздығы кезінде әрекет ету: қиын сәттердегі «орта державалардың» дипломатиясы»; «Цифрландыру және жасанды интеллект: әсері мен салдары»; «Әлеуметтік толқулар: жалған ақпарат және алгоритмдердің күші» және басқа да тақырыптарға талқылаулар ұйымдастырылады.

Еске сала кетейік, форум жұмысына мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер мен сарапшы топтарының өкілдері қатысып жатыр.
Шетелдік делегаттар арасында ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері бар.

Іс-шара геосаяси шиеленістің күшеюіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі модельдерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге қатысты жауаптар іздеу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге арналған.

Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізілмек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға