Жаңалықтар

Астана әуежайындағы шетелдік инвестор әрекетіне қатысты наразылық күшейді – депутат

17.05.2025 16:33 784
Астана әуежайындағы шетелдік инвестор әрекетіне қатысты наразылық күшейді – депутат

Астанадағы Назарбаев Халықаралық әуежайының шетелдік басқаруға берілгені қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп отыр. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай аталған жағдай бойынша Бас прокурордың атына ресми хат жолдап, шетелдік инвестордың отандық кәсіпкерлерге қысым көрсетуіне байланысты мәселені назарға алуды сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәлімдемеде атап өтілгендей, бірнеше жыл бойы әуежай маңында жұмыс істеп келген отандық «Сервис-АСТ» компаниясы мен өзге де кәсіпкерлер келісімшарттардың шетелдік инвестор тарапынан ескертусіз бұзылып, қызмет орнынан күштеп шығарылғанын хабарлаған.

Депутаттың айтуынша, бұл кәсіпкерлер Қазақстанның сот жүйесіне жүгініп, Жоғарғы Соттан өз істерін ұтып шыққан. Алайда шетелдік басқарушы тарап – атап айтқанда Юсуф Альжафер есімді инвестор заңды күшіне енген сот шешімін орындаудан бас тартқан.

Жоғарғы Соттың шешімін елемеу – тек сот жүйесінің ғана емес, жалпы еліміздің беделіне нұқсан келтіреді. Бұл – стратегиялық нысандарда отандық бизнеске қысым көрсетудің ашық көрінісі, – дейді депутат.

Депутат үш нақты талап қойды:

  1. Бас прокуратура, Әділет және Көлік министрлігі сот шешімінің орындалмау себебін анықтап, шара қолдануы тиіс.

  2. Шетелдік инвесторлардың отандық бизнеске қысым көрсету фактілері бойынша кешенді тексеріс жүргізу қажет.

  3. Сот шешімін елемеген шетелдік басқарушы тұлғаға қатысты арнайы шара қолдану мүмкіндігін қарастыру.

Аталған мәселеге байланысты ресми органдар тарапынан әзірге пікір берілген жоқ. Қоғамда бұл жағдай отандық бизнестің құқықтық қауіпсіздігі мен шетелдік инвестицияның әділдігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға