Бүгін Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі басталады. 9 тамызға дейін жалғасатын додаға 50-ден астам елден 800-ден астам спортшы қатысады.
Жарыстар Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, Ұлттық теннис орталығында және «Барыс Арена» көпбейінді мұз сарайында өтеді.
«Болашақ ойындары» деген не?
«Болашақ ойындары» (Games of the Future) – дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін халықаралық фиджитал турнир. Мұнда спортшылар алдымен компьютерлік ойында бақ сынаса, кейін сол ойынның нақты спорт түріндегі кезеңіне қатысады. Екі кезеңнің нәтижесі біріктіріліп, жеңімпаз анықталады. Биылғы бағдарламаға Dota 2, PUBG: Battlegrounds, Mobile Legends: Bang Bang сияқты киберспорт дисциплиналары, сондай-ақ фиджитал футбол, фиджитал баскетбол және фиджитал жекпе-жек енгізілген.
Турнир Қазақстанға қанша турист әкеледі?
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық жарыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Алайда елге нақты қанша шетелдік турист келгені турнир аяқталғаннан кейін белгілі болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазспортинвест» АҚ президенті Әлібек Хасенов айтты.
Оның айтуынша, билет сату жүйесі арқылы қазірдің өзінде шетелден, әсіресе ТМД елдерінен қызығушылық жоғары екені байқалады. Дегенмен ұйымдастырушылар нақты статистиканы жарыс қорытындыланғаннан кейін жариялайды.
Турнир аяқталғаннан кейін міндетті түрде қорытынды жасап, іс-шараға қанша шетелдік турист келгенін жариялаймыз. Менің ойымша, бұл біз мақтан тұтатын көрсеткіш болады, – деді Әлібек Хасенов.
Comic Con Astana фестивалімен қатар өтеді
Биыл ұйымдастырушылар «Болашақ ойындары» мен 5–9 тамыз аралығында өтетін Comic Con Astana фестивалінің бағдарламаларын өзара үйлестірген. Себебі екі іс-шараның да негізгі аудиториясы – 12 мен 35 жас аралығындағы жастар.
Әлібек Хасеновтің айтуынша, осыған байланысты турнирдің визуалды стилі, кейіпкерлері мен жалпы тұжырымдамасы жастардың қызығушылығына бейімделген.
Біз Comic Con ұйымдастырушыларымен тығыз әріптестік орнаттық. Екі жобаның да мақсатты аудиториясы бір болғандықтан, турнирдің визуалды шешімдері мен жалпы тұжырымдамасын жастарға бейімдедік, – деді ол.
Негізгі мақсат – әлемдік аудиторияның назарын аудару
«Қазспортинвест» басшысының айтуынша, турнирдің басты мақсаты ареналарға көрермен жинаумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет – Қазақстанды миллиондаған онлайн көрерменге таныстыру. Фиджитал спорт пен киберспорт жарыстарының негізгі аудиториясы интернетте шоғырланған. Сондықтан ұйымдастырушылар халықаралық трансляциялардың сапасына ерекше көңіл бөліп отыр.
Аренаға екі-екі жарым мыңдай ғана көрермен сыяды. Ал онлайн трансляцияны миллиондаған адам көреді. Сондықтан біздің міндетіміз – сол аудиторияға Қазақстанның мәдениеті мен жетістіктерін көрсету, – деді Әлібек Хасенов.
Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық даму деңгейі бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы елдердің бірі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ұйымдастырушылар халықаралық аудиторияға еліміздің заманауи инфрақұрылымы мен цифрлық әлеуетін таныстыруды көздейді.
Жүлде қоры – 4,65 миллион доллар
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың мәліметінше, турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион 650 мың АҚШ долларын құрайды. Қаражат толықтай демеушілер есебінен қалыптастырылған. Ең ірі жүлде қоры Dota 2 және PUBG: Battlegrounds турнирлеріне бөлінген. Әрқайсысына 1 миллион АҚШ доллары қарастырылған.
Ал Mobile Legends: Bang Bang бойынша жүлде қоры 900 мың долларды, фиджитал футбол бойынша 625 мың долларды, фиджитал жекпе-жек бойынша 500 мың долларды құрайды.
Әлемнің үздік командалары Астанаға жиналды
Вице-министрдің айтуынша, турнирге әлемдік деңгейдегі кәсіби командалар қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu, Twisted Minds, Bigetron by Vitality және басқа да танымал ұжымдар бар. Ал Dota 2 жарысында әлемнің 16 үздік командасы бақ сынап, 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымдағы жарыстың Астанада өтуі Қазақстанның халықаралық фиджитал спорттағы орнын нығайтып қана қоймай, елдің туристік тартымдылығы мен цифрлық имиджін ілгерілетуге де ықпал етеді. Миллиондаған онлайн көрерменнің назары Қазақстанға ауып, елорданың әлемдік спорттық және технологиялық іс-шараларды өткізу мүмкіндігі тағы бір мәрте сыналады.