Жаңалықтар

Астана әкімі құрылысы ұзаққа созылған мектептің қашан тапсырылатынын айтты

Астана әкімі құрылысы ұзаққа созылған мектептің қашан тапсырылатынын айтты
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 29.01.2024 16:40 395

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram аккаунтында «Кирпичный» тұрғын алабындағы жалғыз мектеп құрылысының аяқталғаны туралы жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкім «Кирпичный» тұрғын алабындағы мектептердің құрылыс барысымен танысқан. Бұл тұрғын алабында 1966 жылы салынған жалғыз мектеп (Қамысты көшесі, 7, Байқоңыр ауданы) болған. Оқу орны апатты деп танылғандықтан, ол 2021 жылы демонтаждау жұмыстары басталды. Енді бұл жерде жаңа мектеп пайда болады. 

Жаңа мектеп құрылысының қарқыны баяу болды, тіпті бір кездері тоқтап қалды. Осы жылдар ішінде оқушылар басқа мектепке баруға мәжбүр боп жүр. «Кирпичный» тұрғын алабында салынып жатқан мектеп құрылысы қайта басталды. Барлық мәселелер шешілді. Осы мектептің құрылысын биылғы көктемде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, «Кирпичный» тұрғын алабының өзінің жайлы мектебі болады, - деді ол.

Шаһар басшысының сөзіне қарағанда, биылғы оқу жылында 11 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Оқу жылының соңына дейін тағы 4 мектеп ашылады. Олар Қарасай батыр және Бұланты көшелері, Қамысты көшесі, 7, Қабанбай батыр даңғылы, 9/1, Таха Хусейн көшесі 5/1 бойында орналасатын болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырамыз. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық орындық (2 ауысымдық) жаңа форматтағы 24 мектеп саламыз. Олардың 15-і қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасатын болады, - деп жазды елорда әкімі.

2027-2028 жылдарға дейін 200 мыңға жуық орындық (2 ауысымдық) 80-нен аса мектеп салу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға