Астанада жасанды интеллектіні пайдалана отырып жасалған фильмдердің әлемдегі ең ірі фестивалі – Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) аяқталды. 3 қазанда марапаттау рәсімі аясында әлемнің түкпір-түкпірінен авторлар мен режиссерлерді біріктірген халықаралық байқаудың жеңімпаздары жарияланды.
Фестиваль 1–3 қазан аралығында жасанды интеллектіге арналған бірқатар іс-шараны біріктірген AI Month айлығы аясында өтті. AAIFF 2026 бағдарламасына конкурстық көрсетілімдер, іскерлік бағдарлама және авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар кірді.
Astana AI Film Festival-ға 125 елден 8 067 өтінім келіп түсті. Ресми комиссия іріктеген 25 жұмыс финалдық бағдарламаға енді. Финалистерді халықаралық қазылар алқасы бағалады. Оның құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры және Францияның экс-мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group Жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері Ли Лонг кірді.
«Бүгінде AI-кинодағы ең қызықтысы – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен не жасай бастағаны. Фестиваль аясында біз өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік – ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға баяндаудың жаңа тәсілдеріне дейін. Әсіресе әр елдің режиссерлері мен авторлары өз идеяларын жүзеге асырудың жаңа құралы ретінде ЖИ-платформаларды қалай қолданатынын бақылау қызық. Шын мәнінде халықаралық жоба қалыптасты. Жұмыстардың ауқымы мен сапасына қарап, AI-кино әлемдік киноиндустрияның дербес бағытына айналып келе жатқанын көріп отырмыз», – дейді фестивальдің негізін қалаушылардың бірі әрі AAIFF креативті директоры Айзат Құсайынов.
Халықаралық қазылар алқасының бағалау қорытындысы бойынша бес арнайы номинацияда және The Future Worth Living In негізгі тақырыптық байқауында жеңімпаздар анықталды.
Арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар:
- Myrzakhan Zhumakhan – «IT WAS JUST A JOKE» (комедия, Қазақстан) – Best Character номинациясы;
- 2xLabs – «The Last Span» (фэнтези, Қытай) – Best Story номинациясы;
- Jacopo Zanetti – «What's the Job?» (сюрреализм, Италия) – Best Visual номинациясы;
- Jacopo Reale – «The Fracture» (триллер, Италия) – Best Direction номинациясы.
- Zachary London – «Pomegranate» (ғылыми фантастика, шытырман оқиға, АҚШ) – Best Concept номинациясы.
Бұл номинациялардың финалистері қатарында Қазақстан, Оңтүстік Корея, Сенегал, Канада, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Аргентина және басқа елдердің авторларының жұмыстары болды. Олардың ішінде Myrzakhan Zhumakhan – «It Was Just a Joke», Kang Daehyeong – «Green Flag», Moustapha Sakho – «Ballast, Robert Gaudette – «A Face Only A Mother Could Love», 2xLabs – «The Last Span», Lu Junjie – «Delete», Mark Wachholz – «Five Minutes of Spring», Jonathan Perry және Alex Naghavi – «Railbound», Zachary London – «Pomegranate», Jacopo Zanetti – «What's the Job?», Tim Zhang – «Gabriel», Gabriel Bosisio – «Charli Boy», Jacopo Reale – «The Fracture», Fredrik Akerstom – «Aphelion» және Marco Magario – «Er Loop» фильмдері бар.
«Менің жанрым – комедия. Фильм қарапайым әзілдің кесірінен ит пен оның иесінің ағасы төбелесе бастап, ақырында оның нағыз соғысқа айналуы туралы. Мен қандай да бір күрделі немесе астарлы мағына беруді мақсат еткен жоқпын – бұл жай ғана жеңіл оқиға, белгілі бір дәрежеде менің өзімді де сипаттайды: мен пранк пен көңіл көтеруді жақсы көремін. Шынымды айтсам, бәсекелестікке қатты алаңдадым, өйткені мұнда өте талантты әрі мықты жігіттер көп болды. Барлық қатысушы үлкен жұмыс атқарып, фильмдеріне көп уақыт жұмсады. Сондықтан, меніңше, олардың әрқайсысы лайықты қарсылас болды», – деді Best Character номинациясының жеңімпазы Мырзахан Жұмахан.
Ал The Future Worth Living In негізгі тақырыптық бағдарламасына финалға шыққан он жұмыс енді: The First Honest Day – Nikolay Shestak, REVIVER – Dor Brothers, Looking For Perseida – Ernest Desumbila, The Choice – Tarek Abdelhakim, SITARA – Abhik Banerjee, WTF – Richard Kassai, Project "A" – Anna Frolova, Everything Soft – Jamin Tasker, Saint Vitus Kiss – John Kirk Kelly және Aya's Best Day – Madi Zhagi.
Негізгі байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орын мен $100 000 көлеміндегі жүлдені «Looking For Perseida» фильмі үшін Ernest Desumbila (Испания), екінші орын мен $200 000 жүлдені «SITARA» фильмі үшін Abhik Banerjee (Үндістан) иеленді. Ал Гран-при мен $450 000 жүлде «The First Honest Day» фильмі үшін Nikolay Shestak-қа (Латвия) бұйырды.
Astana AI Film Festival 2026 Гран-при иегері Николай Шестак әсерімен бөлісіп, өз жұмысы туралы айтып берді.
«Шамамен төрт жыл бұрын режиссурамен айналыса бастадым, ал екі жыл бұрын ЖИ көмегімен фильмдер түсіруге кірістім. Шынымды айтсам, жеңемін деп күтпедім – мұнда керемет жұмыстар мен түрлі жанрлар өте көп болды, сондықтан қазылар алқасының неге дәл менің фильмімді таңдағаны өзіме де қызық. Менің «The First Honest Day» фильмім біздің іс-әрекетіміз бізді айқындайтыны туралы: адам жаман әрекет жасаса, ол ұсқынсыз бола түседі, ал жақсы істер, керісінше, оны жақсырақ етеді. Фильмдеріме жеке ойларым мен идеяларымды салуға тырысамын. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Алған жүлдемді жаңа фильмдер жасауға инвестициялап, жобаларымды одан әрі дамытқым келеді», – деді Astana AI Film Festival жеңімпазы.
Фестивальдің негізін қалаушылардың бірі әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмас Жәлінің айтуынша, алғашқы Astana AI Film Festival жасанды интеллектіні пайдалана отырып жасалған киноға халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Фестиваль әр елдің авторларын біріктіріп, жаңа технологиялармен, визуалды форматтармен және заманауи кино тілімен тәжірибе жасауға арналған алаңға айналды.
«Осындай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтуі ерекше маңызды. Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері бас қосатын алаңдардың біріне айналғанын қалаймыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Ендігі міндетіміз – жобаны одан әрі дамыту, қатысушылардың халықаралық қауымдастығын кеңейту және кино мен жасанды интеллект тоғысында жұмыс істейтін авторларға жаңа мүмкіндіктер жасау», – деді фестивальдің негізін қалаушылардың бірі әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмас Жәлі.
Astana AI Film Festival жалпы қоры $2 млн құрайды. Оның $1 миллионы Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапағат корпоративтік қорымен беріліп, жүлде қоры ретінде жеңімпаздар арасында бөлінеді. Тағы $1 млн Қазақстандағы өндіріс пен AI-экожүйені дамытуға бағытталған перспективалы AI-командалар үшін инвестициялық капитал ретінде қарастырылған.
2 және 3 қазанда финалистердің жұмыстары MEGA Silk Way СОО-дағы Chaplin кинотеатрының үлкен экранында көрсетілді.
Алғашқы Astana AI Film Festival AI-киноны дамыту және авторлар мен креативті командалар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру төңірегінде халықаралық кәсіби қауымдастықты біріктірді. Фестиваль киноның болашағын, шығармашылық үдерісте жасанды интеллектіні қолдануды және жаңа AI-креативті индустрияны дамытуды талқылайтын алаңға айналды.