Астана 2035 жылға дейін қалай өзгереді: бас жоспардағы басты жаңалықтар

Астана 2035 жылға дейін қалай өзгереді: бас жоспардағы басты жаңалықтар
Фото: El.kz архиві

Астананың 2035 жылға дейінгі жаңартылған Бас жоспары бекітілді. Алдағы тоғыз жылда елорда халқы 2,3 млн адамға жуықтап, қалада ондаған миллион шаршы метр тұрғын үй, жаңа мектептер мен балабақшалар, су және кәріз нысандары салынады. Сонымен бірге Талдыкөл көлдерінің бір бөлігін сақтау, жасыл аумақтарды көбейту және көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.

Үкіметтің 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен бекітілген Бас жоспар 8 тамыздан бастап күшіне енді. Құжатта елорданың дамуы үш кезеңге бөлінген: бастапқы көрсеткіш ретінде 2025 жылғы 1 қаңтар алынған, бірінші кезең 2030 жылға дейін, ал есептік мерзім 2035 жылға дейін белгіленген.

Бас жоспар қаланың қай бағытта кеңейетінін, тұрғын және өндірістік аумақтардың қалай дамитынын, әлеуметтік нысандардың қайда орналасатынын, көлік пен инженерлік желілердің қалай өзгеретінін айқындайды. Құжатты әзірлеу кезінде Астананың агломерациямен байланысы да ескерілген.

Елорда халқы 2,3 млн адамға жуықтайды

2025 жылдың басында Астанада 1 млн 528 мың адам тұрған. Болжам бойынша, 2030 жылы халық саны 1 млн 965,5 мың адамға жетсе, 2035 жылға қарай 2 млн 275 мың тұрғынға дейін өседі.

Халық саны көбейген сайын тұрғын үйге деген сұраныс та артады. 2025 жылдың басындағы тұрғын үй қоры 36 млн 685 мың шаршы метрді құраған. Ал 2035 жылға дейін тағы 33 млн 311 мың шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Соның 15 млн 265 мың шаршы метрі 2030 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Қаланың жаңа құрылысына орын ашу үшін ескі және апатты үйлер, саяжайлар, гараждар мен аз қабатты нысандардың бір бөлігі сүріледі. Жалпы 1 млн 713 мың шаршы метр тұрғын үй қорын бұзу көзделген. Оның 484 мың шаршы метрі 2030 жылға дейін сүріледі. Бұзылатын нысандардың басым бөлігі, яғни 95 пайызы – жеке үйлер.

178 мектеп пен 206 балабақша салынады

Халық санының өсуі мектеп пен балабақшаға түсетін жүктемені де арттырады.

Есеп бойынша, 2035 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдарда 159 194 орын қажет болады. Осы қажеттілікті өтеу үшін қалада 206 балабақша салу жоспарланған.

Мектептерге қажетті орын саны 2030 жылға қарай 182 423-ке, ал 2035 жылы 256 170-ке жетеді. Сондықтан алғашқы кезеңде, яғни 2030 жылға дейін 123 мектеп салу көзделген. Одан кейінгі бес жылда тағы 55 мектеп бой көтеруі тиіс.

Осылайша, 2035 жылға дейін Астанада барлығы 178 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Қалаға жаңа су нысандары қажет

Астананың өсуімен бірге ауызсуға деген сұраныс та көбеймек. Қазір қала Астана су қоймасы, Қаныш Сәтбаев атындағы канал және Есіл өзені арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Алдағы уақытта тәулігіне 210 мың текше метр су өңдеуге қауқарлы №4 сорғы-сүзгі станциясын салу жоспарланған. Бұған қоса, тәулігіне 35 мың текше метр су беретін Нұра жерасты су кен орнын игеру көзделіп отыр.

Кәріз жүйесіне түсетін жүктемені азайту үшін КОС-2 және КОС-3 тазарту нысандары салынып, жергілікті тазарту құрылғылары мен нөсер суын тазарту жүйесі дамытылады.

Су басу қаупі де назардан тыс қалмайды. Қарабидайық су жинақтаушы көлін тазарту, Нұра мен Есіл өзендерінің арасындағы аумақтарды су тасқынынан қорғау жоспарланған. Сонымен бірге су айдындарының арнасы мен түбін тазарту, жағалауларды ретке келтіру және су экожүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Талдыкөлдің үш учаскесі сақталады

Жаңартылған Бас жоспарда елорданың табиғи аумақтарына да ерекше мән берілген. Экологиялық тұрғыдан маңызды аумақтардың қатарына Есіл өзенінің жайылмасы, Талдыкөл мен Майбалық көлдері, сулы-батпақты алқаптар және елорданың «жасыл белдеуі» кірген.

Кіші Талдыкөл көлдерінің №5, №7 және №9 учаскелерін сақтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қаладағы жасыл аумақтарды көбейту, бүлінген жерлерді қалпына келтіру және көгалдандыру жүйесін дамыту қарастырылған. Егер табиғи аумақтар құрылысқа берілсе, оның экологиялық әсерін өтеуге бағытталған шаралар жүргізілуі тиіс.

Ауаның ластануын қалай азайтпақ?

Бас жоспарда Астанадағы ауа сапасына ең көп әсер ететін факторлар ретінде автокөлік, жылу энергетикасы, жеке жылу көздері және коммуналдық-тұрмыстық сектор көрсетілген.

Олардың әсерін азайту үшін тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды газдандыру жалғасады. ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жаңғыртылып, қоғамдық көлік пен Tarlan Astana жүйесі дамиды. Қаладағы көгалдандырылған аумақтарды да ұлғайту жоспарланған.

Климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесі де Бас жоспарға енгізілген. Энергия тиімділігін арттыру, «жасыл белдеуді» кеңейту, сулы-батпақты жерлерді сақтау, жаңбыр мен еріген қар суын басқару жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.

Әуежай мен көлік шуы ескеріледі

Қала ұлғайған сайын тағы бір мәселе – шу деңгейі. Қазір оның негізгі көздері автокөлік, теміржол және халықаралық әуежай болып отыр.

Әуежайда екінші ұшу-қону жолағы іске қосылып, көлік желісі кеңейген сайын шу деңгейі жоғары аумақтардың да көбеюі мүмкін. Сондықтан жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандарды орналастырғанда бұл фактор ескеріледі.

Бас жоспарда қоғамдық көлікті дамыту, шуды азайтатын шараларды енгізу және қаладағы шу деңгейін тұрақты бақылау қарастырылған.

Жаңартылған құжат тек құрылыс жүргізілетін аумақтарды белгілеумен шектелмейді. Оның негізінде электр, жылу, газ және сумен жабдықтау, кәріз және нөсер су жүйелерін дамыту схемалары әзірленеді. Сондай-ақ көлік жүйесі, қоғамдық кеңістіктер, көгалдандыру, тұрғын және өндірістік аумақтарды жаңарту жобалары дайындалады.

Оқи отырыңыз