Жаңалықтар

Әскери қызметшілердің отбасы – Отан қорғаушылардың сенімді тылы

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді
Әскери қызметшілердің отбасы – Отан қорғаушылардың сенімді тылы
Фото: gov.kz 14.01.2023 22:20 1500

Астанада Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен кеңес өтті. Күн тәртібінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жағдайы мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Шараға Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарлары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері мен әскер тектері қолбасшыларының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызметтердің басшылары мен психологтары қатысты.

Қорғаныс министрінің орынбасары бұл қызметке барлық құрылымдардың қатысуы әскери ұжымдарда, әсіресе шалғайдағы гарнизондарда салауатты моральдық ахуалды сақтау үшін маңызды екенін атап өтті.

Мерекелік, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, үйірмелер мен секциялардың жұмысы, құқықтар мен жеңілдіктерді іске асыруға жәрдемдесу, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көбірек көңіл бөлу, қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсету сынды әр бағытта лауазымды тұлғалар мен жеке құрам біраз күш-жігер жұмсайды, ұйымдастырушылық, материалдық және заңдық мәселелерді шешеді, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасында қол жұмсау, құмар ойындарға тәуелділік, суицид сияқты әрекеттердің алдын алу мақсатында әлеуметтік әл-ауқаттың уақытылы мониторингі, қаржылық сауаттылықты арттыру, заңды білу және психологиялық кеңес беру тұрғысынан неғұрлым тығыз өзара қарым-қатынас жасау міндеттері қойылды. Сонымен қатар жас әскери қызметшілерге шынайы отбасылық құндылықтар туралы түсінік беруді, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына ерекше назар аудару қажеттігі де атап өтілді.

Әскери қызметтің ауыртпалығына байланысты биылғы жылға әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты  шаралар жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға