Жаңалықтар

Әскери қызметшілер арасында үздік шахматшылар анықталды

Әскери қызметшілер арасында үздік шахматшылар анықталды
Фото: Қорғаныс министрлігі 16.03.2024 10:27 519

Ұлттық әскери-патриоттық орталығында XIV спартакиада аясында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және ҚР Қарулы күштерінің құрылымдық бөлімшелері арасында шахматтан чемпионат өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарысты министрлікке қарасты Спорт комитеті – Орталық спорт клубы ұйымдастырды.

Зияткерлік жарыс шеберлерін құттықтауға Қорғаныс министрлігінің және Қазақстан шахмат федерациясы басшылығының өкілдері келді. Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қатысушыларға жаңа жетістіктер мен жеңістер тіледі.

Біздің ведомствода шахмат турнирлерін өткізу жақсы дәстүрге айналған. Бұл спорт стресстік жағдайда және шектеулі уақытта да жұмыс істеуге тура келетін әскери қызметшілер үшін өте пайдалы. Өйткені шахмат логикалық ойлау және тез шешім қабылдау қабілеттерін дамытады, – деді ол.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрловтың құттықтау сөзін вице-президент Марат Есенов жеткізді. Сөз арасында мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында, құрылымдық бөлімшелерде және ведомстволық бағынысты ұйымдарда шахматты ілгерілетуге үлкен қызығушылық бары атап өтілді. 

Біз үшін әуесқой шахматтың  танымалдылығының артып келе жатқаны маңызды, сондықтан осындай турнирлерді жан-жақты қолдайтын боламыз. Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастық – мыңдаған адамды шахматқа тартуға тамаша мүмкіндік. Шахмат партиялары кезінде дамытатын дағдылар мен қасиеттер әскери қызметшілер үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деген Тимур Турлов.

Ведомство мәліметінше, чемпионат швейцариялық жүйе бойынша 9 турда өтті.  Оның нәтижелері екі топ бойынша бағаланды. 

Жарыс қорытындысы бойынша чемпионат кубогын Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының командасы еншіледі, екінші орын – Әскери өкілдіктер орталығына, үшінші орын – Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментіне бұйырды. 

Ерлер арасында жеке есепте алтын жүлде подполковник Мұхамедәлі Байғұловқа (Инженерлік әскерлер департаменті), күміс – аға сержант Аман Өтешқалиевқа (Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті), қола – подполковник Асылхан Мұсаевқа (Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаменті) бұйырды. 

Әйелдер арасында жеке есепте бірінші орынды сержант Дана Рахымжанова (Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы), екінші орынды кіші сержант Дәуренгүл Нұрланқызы (Жауынгерлік даярлық департаменті), үшінші орынды сержант Ботагөз Шалабаева (Байланыс департаменті) алды. 

Екінші топта Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамасы жеңіске жетсе, күміс Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің шахматшыларына, ал қола Мемлекеттік сатып алу бас басқармасының командасына бұйырды. 

Ерлер арасында жеке есепте майор Артур Карпеков (Қару-жарақ бастығының басқармасы) үздік деп танылды, тұғырдың екінші сатысынан – Қарулы күштердің қызметкері Өнербек Өмірәлин (Мемлекеттік әскери-тарихи музей), үшіншісінен Қарулы Күштердің қызметкері Радик Мұхамедиев (Ұлттық әскери-патриоттық орталығы) көрінді.

Әйелдер арасында кіші сержант Райхан Жақыпова (Тыл бастығының басқармасы) ерекшеленді. Екінші орын әділет майоры Жанар Абзалға (Мемлекеттік сатып алу бас басқармасы), үшінші орын – кіші сержант Інжу Тезекбаеваға (Ұлттық әскери-патриоттық орталығы) берілді. 

Одан бөлек, «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» номинациясына майор Ғалымжан Әбдәлиев (Әскери полицияның бас басқармасы) және лейтенант Сандуғаш Ахметова (Мемлекеттік әскери-тарихи музейі) лайық деп танылды. «Белсенді қатысқаны үшін» номинациясында Әскери инфрақұрылым бас басқармасының командасы марапатталды.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға