Жаңалықтар

Әскери қызметші 500 шақырым жүгіріп өтіп, рекорд орнатты

Әскери қызметші 500 шақырым жүгіріп өтіп, рекорд орнатты
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 06.05.2023 21:45 868

Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі, ефрейтор Бауыржан Әбдіхайым "5 күнде 500 шақырым жүгіріп өтемін" деген уәдесін орындады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қорғаныс министрінің атынан Бауыржан Әбдіхайымды спорттағы тамаша жетістігімен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстанда осындай уақытқа жүгіру алғаш рет өткенін айтты.

Марафоншы Қарағанды облысының Ақжал ауылынан елордаға дейінгі аралықты жүгіріп өтті. Ол өзінің ультра жүгірісін Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арнады.

Астанаға Қарағанды тас жолымен кіріп, Абылайхан даңғылымен, Сарайшық және Түркістан көшелерімен жүгіріп өтіп Қорғаныс министрлігінің әкімшілік ғимаратының жанында мәреге жеткен спортшының қошеметпен қарсы алды.

Марафоншы Бауыржан Әбдіхайыммен салтанатты кездесу рәсіміне бес жүзге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Спорт комитеті – Орталық спорт клубының өкілдері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері бар.

Жеңіл атлет Бауыржан Әбдіхайым жастарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спорт тек дене шынықтыруды ғана емес, ерік-жігерді нығайтып, жауынгерлік мінезді қалыптастыруға тәрбиелейтінін атап өтті.

Бұл менің ғана жеңісім емес, осы күндері қасымда болып моральдық тұрғыда мені қолдаған барлық әріптестерім мен туыстарым, достарымдікі.  Олардың сенімі мен үмітін ақтау үшін бәрін жасадым. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ алға қойған мақсатқа табандылықпен ұмтылғанда ғана нәтиже болатынын дәлелдедім, – деді рекордсмен.

Марафоншымен бірге бір қарқынды ұстап тұру үшін 61993 әскери бөлімінің екі әскери қызметшісі – капитан Асылбек Адеитов пен ефрейтор Бекзат Сейітжан кезек-кезек жүгіргенін атап өткен жөн. 

Бауыржан Әбдіхайым – Түркістан облысы Қарақоныр ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының коменданттық взводында қызмет етеді.

Одан өзге де биыл Алматыда өткен Наурыз мерекесі кезінде ол 50 келі қошқарды 2050 рет көтеріп, өз рекордын жаңартқанын айта кетелік.

Қазақстан рекордтар кітабының өкілі спортшының бұл марафоны айрықша екенін және бұл олардың басылымына енгізілгенін растады. Енді әскери қызметші Бауыржан Әбдіхайымның әлемдік рекордты бекітуге өтінім бермек ниеті бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға